Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойына арналған мәдени шаралар қаламгердің туған жері Алматы облысында кеңінен аталып жатыр.
Хан Тәңірінің баурайындағы қасиетті Қарасаз ауылынан басталған әдеби-сазды кештер қазір өңірдегі барлық аудандарда жалғасты. Іле ауданында «Сәби болғым келеді» атты жыр кеші өтсе, облыс орталығы Қонаевта жергілікті өнер жұлдыздарының қатысуымен «Есіңе мені алғайсың» атты салтанатты шара ұйымдастырылды. Онда қазақ поэзиясының асқар шыңына баланған ұлт руханиятының мәңгілік жыр жұлдызы – Мұқағали ақынның өлеңдері оқылып, оның сөзіне жазылған әсем әндер шырқалды. Ал Қонаев қалалық мәдениет үйінің жас өнерпаздары театрландырылған қойылым қойды. Соңынан көрермен қауым қазақ эстрадасы жұлдыздарының өнерін тамашалады.
Қадыржан Сабырақын, Қонаев қалалық мәдениет үйінің директоры:
- Жалпы Мұқағали Мақатаев атамыздың рухына және биыл атаулы, ерекше дата 95 жылдығы болғандықтан осындай үлкен концерт ұйымдастырып жатырмыз. Енді ол атаулы дата болғанда ғана емес, кез келген жылы ешқандай ескертусіз, жаңағы арнайы юбилейсіз тойланатын ақындардың бірі ғой. Туған күні бүкіл Қазақстан болып тойланады. Алдағы уақытта бұл концертпен шектелмейміз, спектакль қойылып жатыр, наурыз айларында сахналанады.
Тегтер #Мұқағали Мақатаев #Алматы облысы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz