Жастар театрында кезекті премьера.
Өнер ұжымы бұл жолы талғампаз көрерменге әлеуметтік трагедияны ұсынды.
"Соңғы аялдама" деп аталатын қойылым жаһанды жайлаған кесел нашақорлық тақырыбын арқау еткен. Шытырман оқиғаға толы туындынының премьересын бас қала әкімдігі мен қалалық прокуратура ұйымдастырды. Заң мен тәртіп қағидаты аясында ұйымдастырылған шараға мектеп оқушылары қатысты.
Алып шаһарда алаңсыз жастың өмірі басталуы керек еді. Алайда жарқын болашақты жоспарлаған Жақсылықтың бағыты басқаша өріледі. Есірткімен бетпе-бет келген тұста жігіт еріксіз кеселдің құрығынан шыға алмай қалады. Шырмауықтай шырмап алған індеттен оны арашалап қалуға ұмтылғандар аз болмады.
Мақпал Мыса, жастар театры директорының міндетін атқарушы:
- Бұл қойылымның өзінің миссиясы бар. Әрбір келген жасқа ой салады. Болашақта оны не күтіп тұр. Қандай нәрседен аулақ болу керек. Қандай нәрсеге ойлану керек. Бұл шыныменде, былай қарағанда өмірде мән бермейтін дүние секілді көрінгенмен үлкен қара үңгірге алып кететін тақырып қой.
Қойылымды қазіргі заманға бейімдеп, бүгінгі жастардың тілімен қайта жандандырып отырған режиссер Нұрфат Уахитов. Санаға салмақ салған туындыны әзірлеуге екі айдан аса уақыт кетіпті. Жас жігіттің бастан өткерген өмірі арқылы күллі қоғамдағы індет суреттелген.
Әйгерім Өмірзақова, Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі:
- Бұл тек кейіпкердің ішкі күйзелісін көрсету емес, бүтін бір әлеуметтік трагедияны жеткізу. Есірткі мәселесі уақыт өткен сайын түрленіп, күрделеніп барады. Біз осы шындықты жастардың өз тілімен айтып, олардың санасына әсер етуді көздедік. Шара "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында ұйымдастырылды.
Әлеуметтік трагедияның премьерасын тамашалауға Елордалық мектеп оқушылары арнайы шақыртылды. Ол да тегін емес. Оң мен солын танып үлгермеген жастардың санасын ояту.
Кәмшат Мұхамеджан, Жандос Битабаров
Тегтер #Астана #жастар #театр #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz