RU
Толық нұсқаға өту

Елордада «Паганиниана» классикалық музыка кеші өтеді

07.03.2026, 14:50 358

Музыка жанның тілсіз тілі. Ал скрипка – классикалық музыканы сөйлететін әуендік аспаптың бірі. 12 наурызда Елорда «Паганиниана» кеші өтеді.

Италиялық виртуоз Давиде Алонья мен қазақстандық жас талант Сағадат Омарғазин бір сахнада өнер көрсетеді.

Скрипканың қос ішегіне жан бітіріп, тыңдарманды тылсым әлемге жетелейтін бұл кештің орны бөлек болмақ. Сахна төрінде Еуропаның ең таңдаулы музыкалық академиялары мойындаған хас шебер Давиде Алонья  мен Қазақстандық жас дарын Сағадат Омарғазин. Кеште Никколо Паганини мен Макс Брухтың скрипка мен симфониялық оркестрге арналған жауһарлары орындалады. 

Бақытжан Мұсаходжаева, дирижер:

- Концертке арнайы келіп, керемет тұлғалардың туындыларын барлық жан тәніңізбен сезіне аласыз. Мысалы, Никколо Паганини немесе Макс Брух қанша үрмелі аспап жазса, оркестрде сонша адам қатысады. Яғни 60, 70, кейде 80 адамға дейін болады. Мұндай тембрлермен, осындай дыбыс бояуымен жұмыс істеу өте қызық. Әрине, өмірін осы қиын еңбекке арнаған керемет скрипкашылармен бірге жұмыс істеу де ерекше.

Италиялық скрипкашымен бірге сахнаға қазақстандық жас дарын Сағадат Омарғазин де шығады. Ол Қазақ ұлттық өнер университетінің дарынды балаларға арналған мамандандырылған музыкалық мектебінің 9-сынып оқушысы. Сағадат небәрі 15 жасында Аустрия, Ұлыбритания мен Түркия сахналарын бағындырып үлгерген. Жақында ғана Лондондағы әйгілі Иегуди Менухин мектебін тәмамдап, халықаралық деңгейде мойындалды.  Menuhin Hall концерт залындағы гала-концертте ол америкалық пианист Эдвард Люнгпен бірге өнер көрсетті. 

Сағадат Омарғазин, халықаралық конкурстардың лауреаты:

- Австрияда өте ауқымды байқау өтті, мен сонда бірінші орын алдым. Концерт 12 наурызда осында, Қазақконцертте өтеді. Дайындық барысы өте күшті. Себебі дирижермен сәйкес келіп, оркестр мені жақсы сүйемелдейді. Оның есімі Дэвиде Алония. Сонымен қатар ол жақын арада Астанаға келеді, мен танысқым келеді. Менің ойымша, концерт өте жақсы және мәртебелі өтеді.

Мәдениет саласындағы жетістіктері үшін Сағадат Қазақстан мен Қырғызстанның Мәдениет және ақпарат министрлері тарапынан марапатталған. Жас музыкант жеке концерттерімен жұртшылықты тәнті етіп қана қоймай, еліміздің еңселі оркестрлерімен де иық тіресе өнер көрсетеді. 

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Нұрғали Мамырбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz