«Он күн ойын, қырық күн тойын».
Бүгін елордада Наурызнаманың алғашқы күні – Амал мерекесіне орай халықаралық конференция өтті. «Наурыз – дәстүр мен ғылым үндестігі» деп аталған жиынға елімізге танымал ғалымдары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Шара Амал мерекесінің көрінісімен ашылып, қонақтарды ән-шашумен қарсы алды. Оны Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен қалалық Мемлекеттік архив ұйымдастырды. Кеште мерекенің мән-маңызы таныстырылып, қонақтарға бауырсақ пен наурыз көже ұсынылды. Сондай-ақ «Наурыз – архив деректерінде» көрмесінде Наурыз тарихына қатысты сирек архив құжаттары мен фотоматериалдар таныстырылды.
Сәкен Есіркеп, Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:
– Ата дәстүріміз осы Наурызбен біте қайнасқан. Наурыз кезінде әртүрлі салт-дәстүрімізге байланысты сайыстар болады. Бірін-бірі құттықтайды, емен-жарқын құшақтасады. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы ғой. Қыстан аман шыққан соң бірін-бірі сәлемдесіп, жақсы тілек айтып, ат шаптырып, той тойлап, Наурызды – жылдың басын қарсы алған.
Шараның келесі бөлімі конференциямен жалғасты. Оған еліміздің танымал ғалымдары мен зиялы қауым өкілдері қатысып, Наурыз мерекесінің тарихи және мәдени маңызы туралы ой бөлісті.
Серік Ергали, мәдениеттанушы:
– Көрісу өз алдына мереке емес, ол ритуал. Бүгін жыл басы күні болуы керек. Бұл жалпы түркілік деңгейдегі мереке. Бірақ біз соны әлі сондай деңгейге көтере алмай жатырмыз. Ал «амал» деген сөз мерекенің атауы емес, амал айдың атауы. Наурыздың бұрынғы атауы амал айы.
Конференцияда «Наурыз: көне дәуірден бүгінге дейін» атты арнайы дайындалған бейнеролик көрсетіледі. Онда мерекенің алғаш тойлану тарихы мен архив қойнауындағы құнды жәдігерлер туралы мәліметтер қамтылған.
Асылжан Құрманғали, Медет Куанышбеков
Тегтер #елорда #Наурызнама онкүндігі #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz