Наурызнама онкүндігінің тұжырымдамасына сәйкес 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл бастама халқымыздың бай мәдени мұрасын ұлықтап, оны келер ұрпаққа жеткізуді көздейді.
Ұлттық мұражайдағы шара барысында жүзден аса республика көлеміндегі кәсіби, халықаралық деңгейдегі қолөнер шеберлері, суретшілер және де этнодизайнерлер өз туындыларын ұсынды.
Салтанат Жапарова, қазақстандық этнодизайнерлер одағының президенті:
- Ата-бабамыздан келіп, ұмыт болып бара жатқан қолөнер түрлері бар. Арнайы шеберлік сабақтарын ұйымдасытырып, бізге мұра болып жеткен осындай қолөнер түрімізді ұмыттырмай, жастарға, осыны кеңінен заман талабына сай қолданысқа енгізу басты мақсат болған.
«Мұндай жобалар ұлттық мәдениетті дәріптеп қана қоймай дәстүрлі өнерді креативті экономикаға енгізуге мүмкіндік береді», - дейді ұйымдастырушылар. Шара барысында «Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы» мәртебесіне ие Тараз шеберлері киіз басу, Түркістан қыш өнерін және Алматы зергерлік бұйымдарын паш етті. Әсіресе ұмыт болып бара жатқан қолөнер түрі – сүйекті өңдеу, одан түрлі бұйым жасау көрсетілді.
Нұржан Есқожин, Қазақстан этнодизайнерлер одағының мүшесі:
- Мүжілген сүйектің ішінен арасынан таңдап алынады. Сол сүйекті ары қарата өңдеу арқылы қайнатамыз, тұз қосамыз, сосын жаңағы кептіреміз. Мен тек қана жауырын емес, сонымен қатар асық, жілік, қабырға соның барлығын пайдалануға дайындаймын.
Ұлттық мұражайға келушілер дәстүрлі қолөнердің қыр-сырын үйреніп, шеберлердің жұмысын тамашалады. Көрмеде киіз басу, зергерлік бұйым жасау, былғары өңдеу, ұлттық ою-өрнек салу секілді көне технологиялар қайта жаңғыртылды.
Гүлжан Көленқызы, тілші:
- Киіз басу, сырмақ ою, текемет жасау, оны тұрмыста қолдану өткен ғасырдың еншісінде қалды деуге болады. Ондай бұйымдарды қазір мұражайдан көреміз. Алайда бұл қолөнер шеберлерінің арқасында ұмытылмай, заманауи бағытта дамып келеді. Мынау киіз жүннен жасалған көркем шығарма. Құрғақ тәсіл деп аталады. Әрине бұл тек инемен піскілеу емес, түстерді үйлестіре білу де нағыз өнер.
Фестиваль аясында Орталық Азия қолөнершілерін халықаралық нарыққа шығару бойынша стратегиялық келісімдерге қол қойылды. Мәдениет пен салт-дәстүр ұлттың темірқазығы. Туристерге де қызық. Сондықтан туризм саласы арқылы табыс табуға да болады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев
Тегтер #көшпелілер #өркениет #мұражай #наурызнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz