Сеул тұрғындары «Алматы» фильмін тамашалады.
Қазақстан мен Кореяның бірлескен қысқа метражды туындысы Ечхон халықаралық фестивалінің үздік жұмыстарының қатарына енді.
Алғашқы Ечхон кинофестивалі осыдан 7 жыл бұрын өткен болатын. Егер ол кезде байқауға 200-ге жуық жұмыс қатысса, былтыр олардың саны мыңнан асты. Ечхон - елдің оңтүстігінде орналасқан шағын уезд. Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бері мұндағы тұрғындар саны 33 процентке азайған. Кинобайқаудың арқасында аймақтың танымалдылығы арта түсті.
Чон Джэ Сон, Ечхон халықаралық фестивалінің ұйымдастыру комитетінің төрағасы:
- Мен бизнесменмін. Кино саласында терең білімім жоқ. Ечхон менің туған жерім болғандықтан уезд билігімен бірлесіп, аймағымызды таныту үшін осы кинофестивальді құруды ұйғардық. Бұл ойымыз іске асқан сияқты. Фестивальге қатысушылар саны жыл сайын шамамен 20%-ға артып келеді және бізге әлемнің 77 елінен үміткерлер келеді.
Ечхон кинофестиваліне кез келген адам қатыса алады. Түсірілім кезінде штатив, дрон, тіпті кранды да қолдануға болады. Байқаудың басты шарты - фильм ұялы телефонға түсірілуі тиіс. Кәсіби техниканың қолданылмағанына дәлел ретінде түсірілім алаңынан бейнежазба жіберу қажет.
Владислав Цой, тілші:
- Ұялы телефонның камерасы кәсіби бейнекамераға қарағанда ыңғайлырақ. Оны дронға оңай орнатуға немесе жерден ерекше кадрлар түсіруге болады. Бірақ кемшіліктері де бар. Телефон алыстан сапасыз түсіреді.
Пон Ман Дэ, Ечхон халықаралық смартфон фильмдері фестивалінің көркемдік жетекшісі:
- Смартфонның басты артықшылығы - оның жеңілдігінде. Сонымен қатар, оны тасымалдау ыңғайлы және оның көмегімен жер деңгейіне дейінгі ең төменгі нүктеден түсірілім жасауға болады. Телефон әркімнің қолында бар дүние болғандықтан және оны жалға алудың қажеті жоқтығынан, түсірілім процесі әлдеқайда жеңілдейді. Осыдан екі жыл бұрын небәрі 67 долларға түсірілген фильм жеңімпаз атанды. Жұмыстарды бағалау критерийлері фильмнің мазмұнына тікелей байланысты. Яғни, оқиға техникалық тәсілдерден маңыздырақ.
Ечхон кинофестивалінің шымылдығын түрген «Алматы» фильмін кәсіби режиссер мен оператор түсірді. Басты рөлдерді Алматы корей театрының актрисасы Наталья Ли мен Оңтүстік Кореялық актер Ли Джу Сын сомдады.
Лим Чан Ик, режиссер:
- Мен Алматыда үш рет болдым. Онда «Дәуреннің үйлену тойы» фильмін түсірдік. Маған бұл мегаполис қатты ұнады және оның атауы «алма қаласы» деген мағынаны білдіретінін білдім. Сондықтан мен бір-біріне бейтаныс екі жанның — ер адам мен әйелдің кездесуі және олардың махаббатының символы ретінде алма бейнеленетін оқиғаны ойлап таптым.
Смартфон фестиваліне қатысқан үздік фильмдер Сеул кино орталығында көрсетілді. Көрсетілімнен кейін режиссерлер көрермендердің сұрақтарына жауап беріп, ең зерек қатысушыларға сыйлықтар үлестірді. Солардың бірі, Сеул тұрғыны, «Алматы» сөзінің мағынасын жатқа айтқаны үшін сыйлыққа ие болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сегізінші Ечхон фестиваліне жұмыстарды қабылдау 4 мамырда басталып, 3 шілдеге дейін жалғасады. Байқаудың жалпы жүлде қоры шамамен 40 мың долларды құрайды.
Владислав Цой, Ольга Лян
Тегтер #корея #кинофестиваль #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz