RU
Толық нұсқаға өту

Алматы қаласы мен облыс оқушылары ұлттық киім күнін атап өтті

18.03.2026, 23:25 45

Балалар дефиле көрсетсе, әжелер қазақ киімдерінің тарихын, мән-мағынасын түсіндірді. Ән айтып, неше түрлі ойындар ойнады. 

Бұл – Алматыдағы №6 оқушылар үйінің балалары. Жеткіншектер мерекелік концертке келген көрермендерді әндетіп күтіп алды. Ұлттық киім – кез келген халықтың мәдени коды мен тарихи жадының айқын көрінісі. Ол тек жылулық бермейді. Киімнен ұлттың дүниетанымы, тұрмыстық ерекшелігі, әлеуметтік құрылымы мен эстетикалық талғамы танылады. Дефилеге шыққан балаларға қарап, қазақ киімдерінің қаншалықты әдемі екенін байқауға болады.

Мақсат Жабулаев, қалалық №6 оқушылар үйінің директоры:

- Бүгін ғана емес, жалпы осы Наурызнаманың 10 күндігінде үлкен-үлкен іс-шаралар өткізіліп жатыр. Бізде әртүрлі үйірмелер жұмыс істейді. Оның ішінде жаңағы ұлттық киімдер жасайтын үйірмелер, дәстүрлі әндер үйірмесі және домбырашылар үйірмесі жұмыс істеп жатыр.

Оқушылар «Туған жер», «Көкпар» әнін айтып, «Кербез» биін биледі. Жастар осылайша ұлттық мұраны дәріптей отырып, салт-дәстүрге деген құрметті арттырып отыр.

Василиса Стародубцева, хореография үйірмесіне қатысушы:

- Ұлттық киім – халқымыздың мәдени мұрасы. Біз де тарихы терең дәстүрді сақтап, құрметтейміз. Әдемі киімдерімізді көрсетіп, түрлі оюлар жасаймыз.

Талғар ауданындағы №31 мектептің оқушылары мен ұстаздары да Ұлттық киім күнін ерекше атап өтті. Қонақтарды қарсы алып, дастарханнан дәм тату дәстүрін және бата беру үлгісін көрсетті. Қазақтың киімдері көшпелі мәдәниеттің қазынасы саналады. Кездесуге келген әжелер оқушыларға камзол мен күпінің, қалпақ пен мұрақтың ерекшеліктерін түсіндірді. Іс-шарада оқушылар тоғызқұмалақ, бестас ойнап, асық атып, арқан тартысты.

Анаргүл Мәндібаева, Тұздыбастау ауылы Әл-Фараби атындағы № 31 мектептің директоры:

- Бес тас, тоғызқұмалақ, асық – мұның барлығы біздің оқу-тәрбие процесімізде күнделікті жүргізіліп жатқан сабақтар. Тоғызқұмалақтан мектебіміз облыс көлемінде жүлделі орындарға ие болып келе жатыр.

Ал ісмер мұғалімдер оқушылар мен қонақтарға шеберлік сағабын өткізді. Ұлттық киімді тігіп, ою салуды, жүн түтіп, киіз басуды үйретті. Наурызнама онкүндігінің мақсаты – осындай бай мұрамызды атадан балаға жеткізу. 

Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz