Алматы облысында Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз мерекесі жаңа форматта өтіп жатыр.
Digital Nauryz жобасы аясында ұйымдастырылған іс-шаралар ұлттық салт-дәстүрімізді заманауи технологиялармен ұштастыруға бағытталған.
Қонаевта наурыз мерекесі қалай өтіп жатыр?
Ардақ Айбарұлы, тілші;
- Астана студиясындағы әріптестер! Міне өздеріңіз көріп тұрғандай Қонаев қаласындағы орталық алаңға ақшаңқан үйлер тігілген.
Ұлыстың ұлы күні әз Наурызға арналған мерекелік іс-шаралар осы жаңа ғана басталды. Дегенмен келушілердің қарасы қалың. Әр үйде салт-дәстүріміз көрсетіліп, қонақтарға ұлттық тағам түрлері ұсынылып жатыр. Тұрғындардың пікіріне құлақ түрелік.
БЛИЦ:
1. Әрине бүгін көктемнің керемет шуақты мерекесі, Наурыз мерекесі, міне, Қонаев қаласының орталық алаңында өтіп жатыр. Керемет көңіл-күймен қатысып жатырмыз, балаларымыз да бүгін өздерінің өнерлерін көрсетеді. Сонымен қатар дамыған жаңа технологияларымыз бар.
2. Оқу орындарынан және де әншілеріміз бен өнер адамдарымен сондай бір керемет көңіл сыйланып жатыр. Біз ауыл тұрғындары ретінде осы жерде Наурыздың, ұлттық дәстүріміздің қайтадан бір жаңғырып, сондай бір халыққа да, балаға да өте керемет көңіл-күй сыйлауда.
3. Көңіл-күй жақсы. Жылдағыдай дәстүр бойынша осы 2022 жылы облыс болғаннан бері жақсы дәстүр ретінде осыны ұйымдастырып, жақсы көңіл-күймен өтіп жатыр. Енді біздің тілек жалпы Қонаев қаласының болсын, облыс болсын, ауызбіршілік керек. Береке-бірлік болсын халқымызға, аманшылық болсын, бейбітшілік болсын!
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Биылғы мерекенің бір ерекшелігі ретінде цифрлық аймақтар құрылғанын айта кетейік. Алаңда үстіне ұлттық киім киген роботтардың қыдырып жүруі жұртшылықтың қызығушылығын тудыруда.
Ал аспаз-робот болса, бауырсақ пісіріп, жұртты жылдамдығымен тәнті етуде. Жасанды интеллектке негізделген цифрлық технологиялар мерекені жаңа мазмұнда атап өтуге толық мүмкіндік береді. Қазір менің жанымда Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әнуар Үмбеталиев тұр. Әнуар Мұхтарханұлы, Қонаевта кешке дейін қандай қызықты іс-шаралар өтеді?
Әнуар Үмбеталиев, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:
- Бүгін Қонаев қаласының орталық алаңында Наурыздың негізгі мерекелік шарасы өтуде. Бұл — жаңару, бірлік пен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін мейрам. Алаңда 17 киіз үй тігіліп, театрландырылған қойылымдар, концерттік бағдарлама, ұлттық ойындар ұйымдастырылып жатыр. Сонымен қатар, қолөнер шеберлерінің көрмесі мен суретшілер галереясы ұсынылады. Ерекшелігі — «Digital Nauryz» аясында жасанды интеллект, робот техникасы, интерактивті инсталляциялар мен VR алаңдары жұмыс істейді. Яғни, дәстүр мен технология үйлескен жаңа форматтағы мереке деп айта аламын.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет. Қонаевта Наурыз мерекесіне арналған мәдени көпшілік іс-шаралар кешке эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-концертке ұласады. Оған жалпы саны 15 мыңнан астам адам қатысады деп күтілуде. Өңірде наурызнама онкүндігі бойынша 300-ден астам іс-шара өткенін айта кетейік.
Тегтер #әз наурыз #Алматы облысы #Ұлыстың ұлы күні #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz