Ұлттық спорт күні Орал қаласында «Бабалар ізімен» атты ұлттық спорт лигасы ашылды.
11 спорт түрінен әр сенбі-жексенбі күні өтетін тартысты бәсекелер маусым айына дейін жалғаспақ. Жеңімпаздар өңір құрамасы сапында «Ақбидай» ойындарында облыс намысын қорғайды. Салтанатты шарада қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, роботтар арасындағы асық ату мен арқан тарту сайысы да жиылғандар назарына ұсынылды.
Орал өңірінде соңғы жылдары ұлттық спорт түрлерінің екінші тынысы ашылды. Былтыр «Ақбидай» ауыл спорты ойындарында облыс құрамасы үздік үштікке ілікті. Мақсат - биыл да осы көрсеткішті қайталау, көшпелілер ойындарында ұлттық құрама сапына өңірден кем дегенде 10 спортшы іліктіру, дейді спорт саласының жетекшілері. Сол себепті де «Бабалар ізімен» ұлттық лигасын жоғары деңгейде өткізуге баса мән берілген.
Бақдәулет Сәбитов, БҚО спорт басқармасының басшысы:
- Алдымызда 3 жарым жыл уақытымыз бар. Келесі «Ақ бидайда» неге жеңімпаз атанбасқа? Бірақ ол жолда біз осындай шараларды көбейтіп, мүмкіндігіміздің қаншалықты бар екенін бәрін дәлелдеп жатырмыз. Бұйырса ол жерде де жеңіс тобынан көрінеміз.
«Жайық Арена» кешенінде өткен ұлттық лиганың ашылуында облыс әкімі Нариман Төреғалиев жиылғандарды Наурыз мерекесімен құттықтап, ұлттық спортқа мемлекеттік қолдаудың жүйелі жалғасатынын жеткізді.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
- Бұл бастама ұлттық спортты ұлықтауға, кеңінен насихаттауға және жас ұрпақтың бойында ұлттық рухты үстем етуге бағытталған маңызды қадам. Ендеше «Бабалар ізімен» ұлттық спорт лигасының салтанатты ашылуы құтты болсын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлттық спорт халқымыздың мәдени мұрасы мен тарихи болмысының ажырамас бөлігі деп ерекше атап өтті. Расында да дәстүрлі лига аясында өтетін бәсекелер жай ғана жарыстар емес, бұл біздің тарихымыз, салт-дәстүріміз, рухани құндылығымыз.
Шара барысында қолөнер көрмесі де көпшілік назарына ұсынылып, ағаш ою, зергерлік өнер мен кесте тігу секілді халқымыздың бай мұрасы паш етілді. Қамшы өру мен ат тағалаудан шеберлік сағаттары өткізілді.
Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов,Э. Аюпов
Тегтер #Орал #спорт #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz