RU
Толық нұсқаға өту

Өскеменде «Ақбұлақ» әнін 5 мың адам бірге шырқады

22.03.2026, 11:40 84

Шығыс Қазақстанда биыл Наурыз мерекесі ерекше мәдени шарамен басталды. Өскеменде 5 мыңнан астам адам «Ақбұлақ» әнін орындап, Гиннес рекордтар кітабына енді.

Иісі қазаққа танымал Ақбұлақты әуелете шырқауға жас та, кәрі де белсене қатысты. Тіпті отбасымен келіп ән шырқағандар бар. 

Эльмира Ахметова, тілші:

- Төр Алтайға Наурыз биыл ерекше бір ықыласпен жеткендей. Өйткені Ұлыстың ұлы күнін тойлау бұрынғыға қарағанда өзгеше басталды. Бұрын-соңды бұл өлкеде болмаған ерекше шара өтті. Ел есінде, халық ауызында жүріп талай ұрпақты тәрбиелеген бір ән бүкіл домбыра ұстап әу деген  елдің басын біріктірді деуге болады.

Дәл осы алаңда 5 мыңға тарта адам әйгілі «Ақбұлақ» әнін әуеле орындап шықты. Биыл туғанынна 100 жыл толатын Бәкір Тәжібаевтай сазгер атамыздың шабытынан туындаған бұл ән нағыз халық әніне айналған ән десек, артық емес болар. Бұл шығарма бастан аяқ туған жерге деген сағыныштан, ата анаға деген ыстық ықыластан, қара шаңыраққа деген құрметтен тұрады. Демек 5 мыңнан аса адам бүгін орталық алаңда осы әнді шырқап, келер ұрпаққа бұл әннің тәлім тәрбиесін тағы да бір насихаттап тастады. Осыншама адамның бір демде әнді домбыра шертіп орындап шығуы оңай шаруа емес. Алдын ала апта сайын дайындық жасалды. Өйткені орындаушылар жасы да әртүрлі. Жасы да, кәрісі де бар. Дегенмен негізгі идея орындалды. «Ақбұлақ» Өскемен аспанында асқақтай шырқалды.Әнге, жырға, ұлттық мұраға деген сүйспеншілік осылай болса керек.

Еркін Ануарбеков, шараға қатысушы:

- Ұлыстың ұлы мерекесі құтты болсын! Халқымыз аман, еліміз тыныш болсын. Иә, бірінші рет осыншама мыңдаған адаммен ән орындадым. Бір жағынан өте жауапты, бір жағынан өте қызықты болды. Ал енді неге «Ақбұлақ» орындалды десек, әрине, бұл біздің де, сіздің де бала кезіңізден әбден құлаққа жадымызға сіңіп алған ән. Әке- шешелеріміз де бұл әнді сүйіп тыңдап келді. Әрі сөзі жеңіл, ширақ әрі ритмі де керемет ән. Сондықтан осы әнге тоқталса керек.

Шалғайдағы ауыл-аймақ та Ұлыстың Ұлы күнін ұлықтап жатыр. Мәселен, бүркітшілер ауылы аталып кеткен Бозанбайда Наурызды сән салтанатына сай қарсы алды. Ондаған киіз үй тігіліп, салтанатты шеру өтті. Қыран бүркіттерін қолына қондырған бүркітшілер бар,түйе мінгендер бар қаздай тізіліп ауылды аралап шықты.

Ұлттық спорт бұл жақта ерекше назарда. Қол күресіне тіпті қыздар да қатысып, күштерін көрсетті. Арқан тартысып, ауыл ішінде дәстүрлі дәм қойылған жәрмеңке де ашылды. Ақ дастархан жайылып, ақсақалдар ақ батасын берді. Жалпы облыстағы басқа аудандар да ұлттық мерекемізді ерекше ықыласпен атап өтіп жатыр. Өңірде жалпы 500-ден аса шара өтсе, осы Өскеменде 100-ден аса шара өтеді. Түн ортасына дейін жалғасатын бағдарламалар соңы отшашумен аяқталады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz