Астанада Наурыз мейрамы аясында Ұлттық киім күніне арналған «ӘСЕМ FASHION» жас модельерлердің қалалық конкурсы өтті.
Осымен екінші рет өтіп отырған байқаудың мақсаты колледж студенттерінің кәсіби шеберлігі мен шығармашылық қабілетін таныту. Ұлттық киімді дәріптеумен қатар жастардың жұмысшы мамандықтарына қызығушылығын арттыру.
Ұлттық киім халықтың болмысын, мәдениеті мен әдет-ғұрпын айқындайтын мұра. Ол өткен мен болашақты жалғайтын құнды көпір. Наурыз қарсаңында болған сән байқауы, бұл байланыстың берік екенін көрсетті. Мәселен, кәсіби-техникалық колледж студенттері осы конкурсқа үш ай дайындалған.
Шырай Адамбек, кәсіптік-техникалық колледждің студенті:
- Басты мақсатымыз қазақи нақыш пен заманауи нақышты бір-бірімен ұштастырып, қандай әдемі киіміміз бар екенін көрсету. Біз 13 костюм тіктік. Оның 6-уы осындай қазақша стильде, ал 7-уі заманауи нақышта. Осы заманауи нақыш пен қазақша үлгіні дамытсам деймін.
Байқауға 200-ге тарта адам қатысты. Соның ішінде 4 колледждің студенттері мен оқушылар сарайының балалары жасаған жұмыстар ұсынылды. Қатысушылар ЭТНО-ФЬЮЖН және NEO-ФОЛЬКЛОР наминацияларында бақ сынады. Ал жасанды интеллект технологиясымен жасалған роботтың биі көрермендерді ерекше әсерге бөледі.
Жанна Ғаниқызы, кәсіптік-техникалық колледждің дизайнері:
- Біздегі коллекция екі бағыттан тұрады: "Ұмай" және "Самал" деп аталады. "Ұмай" коллекциясы әйелдің ішкі және рухани деңгейін көрсететін коллекция. Мұнда бізде жакардтан тігнілген шапандар, волан көйлектері тігілген. Екінші коллекция ол "Самал". Ол жастарға арналған заманауи бағыт. Ол жерде жастардың еркіндігі мен өздерінің жақсы еркіндіктерін көрсете алатын коллекция.
Сәнгерлер сайысында ерекше көзге түскен коллекциялардың бірін «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ұсынды. Зейнеткерлердің топтамасы тамырын тереңге жайған қазақ мәдениеті мен ұрпақтар сабақтастығын бейнеледі.
Батия Есенгелдиева, "Белсенді ұзақ өмір сүру" орталығының өкілі:
- Коллекциямыз "Тамыр" деп аталады. Біздің жеріміз тамырдан басталады ғой. Сол тамырдың өкілдері әжелер. Әжелер жастарға үлгі болады. Соңында менің шаңырағым шығады. Шаңырақ барлығын жинайды ғой. Бұл біздің бренд, өзіміз шығарған. Әжелеріміз көбі іс тігедіғ сумочка жасайды, бас киім тігеді. Дизайнермен бірге әр модель өз образын бірге дайындаған.
Осымен екінші жыл қатарынан өткен байқау ұлттық киімді ұлықтап қана қоймай, жас таланттардың шығармашылығына жол ашатын ерекше алаң. Ал жеңімпаздарға ақшалай сыйақы мен грамоталар табысталды.
Ғазиза Мұхамеджанова, Санжар Біргебаев
Тегтер #Наурызнама онкүндігі #Астана #ұлттық киім #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz