RU
Толық нұсқаға өту

«Хабар» арнасында Cover Show басталады

26.03.2026, 22:43 39

«Хабар» телеарнасындағы шоқтығы биік жобалардың бірі – Cover Show-дың жаңа маусымдағы түсірілімі басталды. 

Аға буын әншілер мен жастар, түрлі жанрда ән шырқап бақ сынайды. Мега-шоудың бесінші маусымы сенбі күні, 28 наурыздан бастап көрерменге жол тартады. 

Cover Show – ән сүйер қауымның оң бағасын алған бағдарлама. Әр буындағы әншілердің басын бір сахнаға тоғыстырған жобаның бесінші маусымы жаңа өнерпаздармен толыға түсті. Бұл жолы жас әнші Баянсұлу екі ән дайындап келіпті.

Баянсұлу, әнші:

- Бірінші ән жүрекке жететін мұңлы және де вокалдық техникаларды көрсететін ән. Сіздердің жүректеріңізге жетеді деген ойдамын. Екінші ән ол – харизманы көрсетеді. Билейміз, көңіл көтереміз. Жаңа стильде жасап көрдік.

Cover Show-дың негізгі форматы өзгерген жоқ. Әдеттегідей 16 шығарылым көрерменге жол таратады. Осы маусымда жалпы саны 64 әнші сахнаға шығып, 128 әнді жаңа форматта орындайды. Олардың арасында Нұржан Керменбаев, Айдана Меденова, Қайрат Нұртас сынды әншілер бар. Әр бағдарлама сайын сарапшылар тобы жаңарып отырады.

Мейрамбек Бесбаев, Cover Show-дың бас сарапшысы:

- Өнерде жүрген адамдар бір-бірінің әндерін өзінің нұсқасында беріп, әндер жаңарады. Жалпы жақсы кездесу. «Хабар» арнасына үлкен рақмет айтамыз, қаншама әндер жаңарды, қаншама достар осы жерде тоғысып, небір пікірлер айттық, небір тілектер айтылды. Сондай бір жақсы орта болды.

Cover Show тыңдарманға танымал әнді өзгертіп жеткізу ғана емес, әр әншінің орындау шеберлігін көрсету және жаңаша келбет беру. Жастардың орындау шеберлігіне аға буын өнерпаздар баға беріп, тәжірибе алмасады.

Кемелбек Ойшыбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:

- Cover Show – «Хабар» Агенттігінің» соңғы жылдардағы бетке ұстар, рейтингі жоғары жобалардың бірі. Көптеген жас қатысып жатыр. Ол да бір керемет сәттердің бірі. Себебі көрермендеріміздің арасында үлкен буын да орта және жас буын да бар. Сондықтан барлық әншімізді жақсы қабылдайды деген ойдамын.

«Хабар» арнасының көрмерендеріне етене танымал болған Cover Show-дың бесінші маусымы 28 наурыздан бастап эфирден көрсетіледі. 

Авторлары: Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz