Данияның әйгілі Корольдік балеті тұңғыш рет Астанада өнер көрсетеді. 1748 жылы негізі қаланған көне балет Еуропадағы ең беделді өнер институты саналады.
Копенгагенде орналасқан театр «Бурнонвиль стилімен» танымал. Бес жыл бұрын қазақ әртісі Мейрамбек Назарқожаев осы балет труппасының тұрақты әртісі атанған еді. Содан бері өнер майталманы қос елдің мәдени байланысын нығайтуға атсалысып келеді. Мәселен, былтыр дат балетін Алматыға әкелсе, биыл Қазақстанның бас шаһарына шақырды. Гастрольдік тур аясында Динна Бьорн мен Эрик Вьюдес сынды дат балетінің дәстүрін жалғаушылар, Еуропадағы нөмірі бірінші биші атанған контемпорари фламенко өкілі Селене Муньез және өзге де балет бишілері өнер көрсетеді. Әртістер Астанадағы ұлттық хореография академиясының студенттеріне тегін дәріс береді. Дания корольдігі балетінің гала концерті жексенбі күні Астана балет театрында өтеді. Мәдени жоба жетекшісі Мейрамбек Назарқожаевтың айтуынша, мұндай іс-шаралар Қазақстан мен Дания арасындағы мәдени, саяси, экономикалық байланысты нығайта түседі.
Мейрамбек Назарқожаев, Дания Корольдігі баллетінің тұрақты әртісі:
- Балетті дамытудың маңызы өте үлкен, себебі бұны жұмсақ күш ретінде пайдалануға болады. Мысалы, біз қазақ тарихын, қазақтың бір әдемі шығармасын шетелге алып келу үшін оны әрдайым аударып отыру керек. Себебі шетелдіктер сол тілде сөйлей алмайды. Қазақ киносына барсаңыздар титр қойып немесе аудару керек. Алайда балеттің мықтылығы десек те болады, бұл тіл – универсалдық тіл. Оны сіз қимыл арқылы тарихын көрсете аласыз.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz