RU
Толық нұсқаға өту

Ташкентте қазақ суретшісінің көрмесі ашылды

04.04.2026, 18:00 30

Ташкенттегі «Ильхом» театрында қазақ сурет өнерінің жарқын өкілі Айша Бақтұғылдың «Га-га-гой» көрмесі ашылды.

Кішкентайынан қылқаламды серік еткен Айша өзінің ішкі әлемін, өмірге деген көзқарасын сурет арқылы жеткізеді. Оның туындылары ерекше жандарға үміт пен шабыт сыйлап, өнер арқылы белестерді бағындыруға болатынын дәлелдейді.

«Ильхом» театры осыдан 50 жыл бұрын тәуелсіз ұжым ретінде құрылды. Жарты ғасырлық тарихы бар өнер ұжымы халықтың көкейінде жүрген мәселелерді сахналап, көрерменнің көзайымына айналған. Театр өзінің 50 жылдығы қарсаңында өнерде жүрген жас таланттарды қолдауды жөн көріпті.

Ольга Веселова, көрме кураторы, "Art and Creative Solutions":

- Театрдың мерейтойлық жылына орай бізді қазақ өнерінің заманауй стилін көрсетуге шақырды. Талқылай келе, Айша Бақтұғылдың суреттеріне таңдау түсті. Ол абстрактілі кескіндеме бағытында жұмыс істейді. Театрмен не байланыстырады десеңіз. Айшаның еңбектерін көріп, спектакльді тамашалаған адамдай әсер аласыз. Ол сол сәттегі көңіл күйді, сезімді керемет жеткізе алады.

Санжар Серікбаев, көрме кураторы, галерист:

- Көрме инклюзивті. Біз ташкенттік аудиторияның көп болғанын қаладық. Сол үшін біз еңбектерді өзбекшеге аудардық. Ерекше адамдар үшін суреттер Брайль тілінде де сөйлейді. Бір айдың ішінде қызығушылар саны артады-деген ойдамыз.

Айша әлемге өзгеше қарайды, түйсігімен таниды, жүрегімен сезеді. Оның жан дүниесіндегі тазалық пен сезімталдықты салған суреттерінен аңғарасыз. Мұны өнер адамдары бірден байқаған.

Ирина Бхарат,  «Ильхом» халықаралық театр бағдарламалары директоры:

- Біздің театр тәуелсіз болғанымен бәрібір қандайда бір ережелерге бағынамыз. Ал Айшаның суреттеріне қарап, оның еркін адам екенін, ешқандай ережеге бағынбайтынын байқадым. Ол өзінің күнделікті көңіл күйін суретпен жеткізеді. Ол одан қорықпайды. Ашық болуға ұмтылады. Міне бұл оның ерекшелігі.

Айшаның тәлімгері белгілі суретші Арыстанбек Шалбаев. Айтуынша, Айшаның суреттері – қоғамның үні. Ол өмірді өзгелерден терең қабылдайды, дейді ол.

Арыстанбек Шалбаев, суретші, «Қызыл трактор» арт-тобының негізін қалаушы:

- Суретшінің қабілеті де, мінезі де бар. Ешкімнің айтқанын істемейді, өйткені суретшілер сондай болуы керек. Ондай характер менде жоқ негізі. Бірдеңе болмай жатса, көне саламыз. Ал Айшаның ойында не бар соны сызады да отырады.

Ташкенттегі көрме Айшаның осымен 3-көрсетілімі. Бұған дейін Алматы мен Астанадағы Ұлттық музейде ұйымдастырылды. Ильхом театрындағы көрме 26 сәуірге дейін жалғасады. 

Дулат Нуркин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz