RU
Толық нұсқаға өту

М. Мудряк «Травиата» спектаклінде өнер көрсетті

05.04.2026, 23:00 29

Мария Мудряк Астана Опера сахнасында өнер көрсетті.

Араға он жыл салып, танымал сопрано Джузеппе Вердидің аңызға айналған «Травиата» спектаклінде қайтадан басты рөлді орындады. Оның сүйіктісінің бейнесін Испаниядан шақырылған әртіс – тенор Жоэль Прието сомдады. 

Astana Opera-ның көрермен залы лық толды. Көпшілік Мария Мудряктың сахнаға шығуын тағатсыздана күтті. Бұл кеш әнші үшін ерекше мәнге ие болды – осыдан он жыл бұрын ол дәл осы сахнада Виолетта партиясымен дебют жасаған еді. Бүгін де ол тыңдармандарының жүрегін қайта баурап алды. Оның орындауында эмоция мен шеберлік астасып, әрбір ария терең мазмұнмен шырқалды.

Мария Мудряк, опера әншісі:

- Ең алдымен мен үшін туған Қазақстан сахнасында осындай ғажайып театрда өнер көрсету – үлкен мәртебе. Біз кейіпкерлеріміздің образына толық еніп жатырмыз. Сондықтан туған сахнам мен көрермендерім әрдайым маған дем береді. Бұл мен үшін өте қымбат. Әр рөлім өзіме ерекше жақын әрі әрқайсысы өзінше күрделі. Солардың ішінде ең сүйіктілерімнің бірі – Виолетта рөлі. Жалпы бұл – музыкалық тұрғыдан да, драмалық жағынан да өте көпқырлы әрі қызықты кейіпкер.

Бұл кеште Мариямен бірге сахнаға испан теноры Жоэль Прието, операның жетекші солистері, хор әртістері және Astana Opera симфониялық оркестрі шықты. Ал Жермон-әке партиясын әйгілі баритон Талғат Мұсабаев орындады.

Талғат Мұсабаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- «Травиата» операсы – әлемдегі ең танымал шығармалардың бірі десек болады. Біз оны көрерменге әрдайым әртүрлі солистермен ұсынуға қуаныштымыз. Бүгін Мариямен бір сахнада өнер көрсету – үлкен қуаныш. Ол кәсіби тұрғыда өсіп, халықаралық деңгейде танылып келеді. Бір кезде жас, енді ғана бастап жүрген әнші еді. Бүгінде әлемдік сахналарда өнер көрсетіп жүрген нағыз кәсіби әртіс. Әсіресе Қазақстаннан шыққан солистердің осындай биік деңгейге жетіп жатқаны бізді қуантады.

Әр арияны көрермен концерт бойы ұзақ қошеметтеумен сүйемелдеп отырды. Қонақтар Виолетта мен Альфредтің қайғылы махаббат хикаясын ерекше ықыласпен тамашалады. «Травиата» – махаббат, еркіндік және тағдырды өзгерте алатын батылдық туралы шығарма. Келушілер дән риза.

Сауалнама:

- Бүгінгі Астана Опера көрсеткен «Травиата» бізге ұнады. Орындауы кәсіби, әдемі, жақсы.

- Негізінде осы Джузеппе Вердидің «Травиата» операсы өте әсерлі. Терең эмоциялар мен жанның нәзік қырларын көрсетеді. Әсіресе ең басты кейіпкер - Виолетта.

- Біз бұл спектакльге арнайы келдік, билеттерді алдын ала сатып алдық. Мария әрине, теңдессіз. Жалпы бәрі ұнады. Музыкасы, әртістері, солистері. Керемет әсер алдық, демалып қалдық.

Мария Мудрякты Astana Opera сахнасына қайта оралуымен құттықтауға Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева келді. Ол опера жұлдызының жетістігін жоғары бағалап, шығармашылық табыстар тіледі.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Эльвира Лекерова, Руслан Тәуірше

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz