RU
Толық нұсқаға өту

Ақын Мұқаш Сейтқазинов 70 жасқа толды

06.04.2026, 21:48 27

«Дәридай» атымен елге танымал ұлытаулық айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұқаш Сейтқазинов 70 жасқа толды. 

Осыған орай облыс орталығы Жезқазғанда ақынның үлкен шығармашылық кеші өтті. Саналы ғұмырын ұлттық өнерге арнап, өңір мәдениетін өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан азаматқа жерлестері ерекше құрмет көрсетті. 

Мылтықсыз майданға түскен жауынгердей, домбырасыз «Дәридайлап» топқа кірген Мұқаш Сейтқазинов 90-шы жылдары айтыс сахнасына құбылыс болып келді. Тоқсанға жуық түрлі додаларда топ жарды. Айтыспен бірге ұстаздық жолды да қатар алып жүрді. Шалғайдағы ауылда жүріп ақсүйек өнерге олжа салған ұлына деген Ұлытаудың ықыласын аймақ басшысы жеткізді. 

Дастан Рыспеков, облыс әкімі:

- «Дәридай»деген атыңыз айтыс өнеріндегі өзіндік брендке айналды десек,артық айтқандық емес. Айтыстағы дара жолыңызбен қатар жазба ақын ретінде де айрықша қолтаңба қалыптастырып, ұлттық әдебиетке сүбелі үлес қосып келесіз. 

Облыс әкімі ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауын тапсырып, елдің атынан сый-құрмет көрсетті. Ақын тойы деп алыстан арнайы жеткен айтыскерлер жырдан шашу шашты. 

Айтақын Бұлғақов, айтыскер ақын:

- Қарсыласты шымшуы, қарсыласқа жауап беруі, әлеуметтік мәселені қозғауы Мұқаштың таңдайынан қалып қалған емес. Арқардай мүйізі қарағайдай ақынның біреуі осы Мұқаш Сейтқазинов деп батыл түрде айта аламын. 

Шығармашылық кеште жас өнерпаздар ақынның өлеңдерін оқыды. «Дәридайдың дәптерінен» деп аталатын жыр жинағының тұсауы кесілді. Мұқаш ақынның жырларын мәнерлеп оқушылардың облыстық байқауының жеңімпаздары марапатталды. 

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz