Сеулде қазақстандық дизайнерлердің ұлттық нақыштағы киімдері таныстырылды.
Корея астанасының сән орталығындағы көрсетілімге кореялық сеньор-модельдермен бірге қазақстандық студенттер қатысты.
Тондэмун Дизайн Плаза подиумында қазақ әуені алғаш рет шырқалып тұр. Отандық дизайнерлер көрсетілімінің алдында әншілер Меруерт Түсіпбаева мен Эрик Ахим өнер көрсетті. Сондай-ақ қазақ диаспорасының өкілдері ұлттық билерді орындады. Сеул төрінде қазақстандық 5 бренд өз топтамаларын таныстырды. Оңтүстіккореялық сарапшыларды материалдардың сапасы мен пішімнің ерекшелігі таңғалдырды.
Ким Су Джон, Корея универсал модельдер қауымдастығының президенті:
- Қазақстаннан келген бес топтаманың мата сапасы мен дизайнының бірегейлігі тәнті етті. Әсіресе табиғи түстердегі жүн мен жібектен жасалған өнімдер ерекше есте қалды. Кореяда аса көп киіле бермейтін бас киімдер мен шәлілердің сан алуан түрін көру керемет әсерге бөледі.
Адель Сейітжанова, киім дизайнері:
- Біз кәріс мемлекетіне, осы Корея мемлекетінде тұрып жатқан қазақ диаспорасының тұрғындарына, өздерінің Отанын сағынған кісілерге коллекциямызды көрсету үшін келдік. Біздің киімдерді киіп, сол Қазақстанға жүрегімен болса жақын болған деген ойдамыз, болса деген ойдамыз.
Подиумға 67 модель шықты. Олардың басым бөлігі 50 жастан асқандар. Сеулдегі сән орталығында өнер көрсету қазақстандық Ләззат Илияшева үшін орындалған арман. Бойжеткен Кореяда төрт жылдан бері тұрады және Чунвон университетінде актерлік шеберлік пен режиссура мамандығында оқиды.
Ләззат Илияшева, модель, студент:
- Өте керемет тәжірибе болды. Кореяда осындай қазақтың ұлттық киімін киіп шыққан өте күшті мүмкіндік деп ойлаймын, өте қуаныштымын. Кореяда мен өзім жалпы киноларға түскенмін және өзім екінші мамандығым режиссура болғандықтан, өзім де кино түсіремін.
Тондэмун Дизайн Плазадағы шоу – Сеул тұрғындарын Қазақстан мәдениетімен таныстырудың таптырмас мүмкіндігі. Кейбір көрермендер үшін еліміз туралы тек әуен мен би ғана емес, сонымен қатар көрсетілімнен сатып алынған зергерлік бұйымдар мен киімдер де естелік болып қалмақ.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян
Тегтер #Таңдаулы #Сеул #ұлттық киімPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz