Классикалық музыка кеші.
Ертең Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында «Бетховен-Брамс» концерті өтеді. Сахнада Төлепберген Әбдірашев атындағы Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі мен Халықаралық байқаулардың лауреаттары, солистер Сәния Дүркеева, Әсел Әбілсейітова және Аяно Кимура өнер көрсетеді. Музыканттар бүгін соңғы дайындықтарын пысықтады.
Пианиношы Әсел Әбілсейітова, виолончелші Сәния Дүркеева және жапон қызы, скрипкашы Аяно Кимура Швейцариядан арнайы келді. Олар симфониялық оркестрмен бірге Брамстың скрипка мен виолончельге арналған қос концерті мен Бетховеннің үш аспапқа арналған атақты үштік концертін ойнайды. Бір кеште екі күрделі шығарманы орындау оңайға соқпайды. Мұнда мәселе тек техникалық қиындықта емес, музыканттардың бір-бірімен диалог құруы маңызды, - дейді Сәния Дүркеева.
Сәния Дүркеева, виолончельші:
- Бетховеннің тройной концертін осы карантин кезінде бастап өзім нотасын қарай бастадым. Сосын маған ой келді осыны оркестрмен ойнасам деген. Сосын мен осы оркестрмен ойнауға ұсыныс жасадым. Бетховендікі жас кезінде жазған сочинениясы болса, ал Брамстың ең соңғы симфониялық сочинениясы болып саналады. Соны өзіңіз концертте көре аласыздар. Бетховенде көп юмор, көп театр, сондай көресіздер, ал Брамста күрделі драма, оны да байқай аласыздар.
Концерттің көркемдік жетекшісі және бас дирижері - Қанат Омаров. Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Байбосынов та дирижерлік етеді. Музыканттар үлкен концерт алдындағы соңғы дайындықтарын пысықтады.
Әсел Әбілсейітова, пианиношы:
- Концерт алдында толқып тұрмын. Ертең Алматыда концертіміз өтеді, ал екі күннен кейін Астанада жалғасады. Біздің трио үшін бұл керемет тәжірибе. Осындай тамаша залдарда, Алматы филармониясының үлкен залында өнер көрсету мүмкіндігіне өте қуаныштымыз. Киелі сахнада, керемет оркестрмен және маэстро Нұржан Байбосыновпен бірге өнер көрсету үлкен мәртебе!
Солистер – пианиношы Әсел Әбілсейітова, виолончелші Сәния Дүркеева және жапон скрипкашысы Аяно Кимура. Олар әртүрлі елдерде білім алған, бірақ шығармашылық жолдары Швейцарияда тоғысқан. Трио 2024 жылдан бастап бірге өнер көрсетіп келеді. Негізінен камералық музыка бағытында жұмыс істейді. Швейцарияның сахналарында өнер көрсетеді.
Аяно Кимура, скрипкашы:
- Бұл өте күрделі партия, біз Швейцарияда көп дайындалдық, ал қазір оркестрмен тікелей өзара әрекеттесуіміз керек. Бұл менің Қазақстанға алғаш рет келуім, маған мұнда бәрі қатты ұнайды, әсіресе Алматы. Өзімді мұнда өте жайлы сезінемін, адамдар өте мейірімді, табиғаты әдемі, тағамдары дәмді.
Музыка кеші Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында өтеді.
Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев
Тегтер #Алматы #классика #музыка #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz