RU
Толық нұсқаға өту

Талдықорғанда Ұлттық кітап күні аталып өтті

23.04.2026, 22:10 32

Талдықорғанда «Ұлттық кітап және кітапханашылар күніне» арналған мәдени шаралар апталығы қорытындыланды.

«Кітап уақыт машинасы» атты жиын әдеттегідей кітапханада емес, халық көп шоғырланған ойын-сауық кешенінде ұйымдастырылды. Басқосуда қаламгерлермен кездесу, кітап көрмесі және оқушыларға арналған әртүрлі байқаулар өткізілді. 

Талдықорғандағы ең үлкен ойын сауық кешені бүгін поэзия кеші өткен алаңға айналды. Таңдайлары тақылдаған жас өрендер жаттаған өлеңдерін оқып, өзара сынға түсті. 

Елдана Ыбраева, оқушы:

- Мен осы уақытқа дейін 50-ден астам кітапты оқыдым. Және де тақпақ жаттағанды жақсы көремін. Мен Жамбыл Жабаевтың, Абай Құнанбаевтың тақпағын, Мұқағали Мақатаевтың  және тағы басқа авторлардың тақпағын жаттадым.

Атаулы күнге арналған шаралар облыста сәуірдің 16-сында басталған. Содан бері ауылдық және аудан-қалалық кітапханаларда интерактивті ойындар, суретшілер байқауы, ашық есік күндер, кітапханаға саяхат пен кітап көрмелері өткізілді. 

Күлпан Сейітжанова, Талдықорған қалалық кітапханалар жүйесінің директоры:

- Балалар әдебиеті, қазақ әдебиеті, жалпы қазақстандық таңдамалы шығармаларының бәрін шығардық. Жаңа кітаптар, мативационның кітаптар, жасанды интеллектіге қатысты көптеген кітаптар қойылды.

Мерекеде ақын-жазушылардың оқырмандармен кездесуі де ұйымдастырылды. Қаламгерлер кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған толымды ойларын ортаға салды.

Есболат Айдабосын, жазушы:

- Қаламгерлер арасында түрлі байқау көп. Ал оқырмандар арасында санаулы. Республикалық деңгейде осыны жасау керек. Жақсы жүлде тағайындау керек. Сол кезде  кітаптар оқылады. Содан кейін 10-20 жылда оқырманы көп ұлтқа айналуымыз мүмкін.

Басқосуда қалалық кітапханаға сиясы кеппеген тың туындылар тарту етілді. Жалпы «Кітап сыйла акциясы» аясында облыстағы руханият ордалары 400-ден астам кітаппен толыққан.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Жеңіс Әбдрешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz