RU
Толық нұсқаға өту

Астанада Ресей Мәдениет күндері басталды

23.04.2026, 23:10 30

Астанада Ресейдің Қазақстандағы Мәдениет күндерінің ашылуы ауқымды гала-концертпен басталды.

Екі елдің мәдени байланысын нығайтатын маңызды жоба аясында елорда сахнасында Ресейдің таңдаулы жұлдыздары өнер көрсетті. Әуезді кеш жайлы тілші тарқатсын. 

Астана төрі – өнер думанына айналды. Ресейдің Қазақстандағы мәдениет күндері ауқымды гала-концертпен ашылды. Астана Опера театрының сахнысанда  түрлі халықтардың әуені мен биі ерекше түрлене түсті. Көрерменді Ресейдің танымал өнерпаздары – халықаралық байқаулардың лауреаты Софья Онопченко, Башқұрттың «Ay Yola» тобы, Якутиялық этно-әнші Олена Уутай ұлттық нақыштағы өнерлерімен тәнті етті. Ал әйгілі «Гжель» театры, Дағыстанның «Лезгинка» ансамблі мен Қалмақияның «Ойрат» би ұжымы кештің көрігін қыздыра түсті.  Мәдени кешке  Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ресей Мәдениет министрінің орынбасары Андрей Малышев, сондай-ақ екі елдің дипломатиялық корпусы мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері де қатысты.

Александр Совостьянов, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының директоры:

- Бұл мәдениет күндері – екі ел арасындағы рухани байланысты одан әрі нығайтатын маңызды алаң. Бүгінгі концерт - мәдени достық пен көптеген жылдар бойы сақталған дәстүрдің әдемі көрінісі десек болады. Ресейлік әріптестерімізге алғысымыз зор.

Мәдениет күндері аясында елордада бірқатар маңызды шаралар өтеді. Ұлттық музейде мәдени ынтымақтастыққа арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылып, жаңа жобалар талқыланды. Сонымен қатар Астанада Ресей киносының фестивалі басталып, көрсетілімдер 26 сәуірге дейін жалғасады. Ал бүгінгі кеште өнер көрсеткен ұжымдар көрерменге ерекше ықылас сыйлады.

Марина Куклина, «Гжель» Мәскеу Мемлекеттік академиялық би театрының директоры:

- Біз бүгінгі концерттік бағдарлама арқылы адамзаттың достыққа деген шынайы көзқарасын жеткізгіміз келді. Біздің ұлттық ұжымдар бар өнерін көрсетіп, көрерменге ерекше ықылас сыйлады. Ежелден көрші қос елдің достығын әуезді ән, мыңбұралған би арқылы жеткізуге тырысты.

Айта кетейік, бұған дейін Ресейде Қазақстанның мәдениет күндері жоғары деңгейде өткен еді. Бұл – екі ел арасындағы мәдени әріптестіктің нақты көрінісі бола білді. Ал Астанада басталған мәдени күндер – сол достықтың жаңа белесі.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Мерей Талап 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz