Ұлттық музыка тарихында өлмес-өшпес із қалдырған қадау-қадау тұлғалар болса, соның бірі де бірегейі Нұрғиса Тілендиев екені даусыз.
Алты алаштың аяулы перзентінің 100 жылдық мерейтойы былтыр ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтті. Дәулескер күйші, дирижер, композитордың туған жері Алматы облысында еңселі ескерткіші бой көтеріп, Іле ауданындағы жаңадан ашылған 400 орындық мәдениет үйіне Нұрғиса Тілендиевтің есімі берілді. Қазір аталған мәдениет ошағында түрлі үйірмелер жұмыс істеп тұр.
Іле ауданында бұған дейін дәл мынандай мәдениет үйі болмаған. Жергілікті өнерпаздар ұзақ жылдар бойы Байкент ауылдық округіндегі ескі мәдениет ошағының ғимаратын пайдаланып келді. Өтеген батыр ауылында өткен жылы жаңа мәдениет үйі салынып, халық игілігіне берілді.
Қарлығаш Ахметбаева, Н.Тілендиев атындағы мәдениет үйінің директоры:
- Ол біздің дәулескер күйші, біртуар атамыз өнердегі Нұрғиса атамыздың 100 жылдығымен тұспа-тұс келгендіктен Нұрғиса атамыздың есімі берілді. Сонымен қатар ескерткіші салынды. Сегіз үйірме жұмыс істейді. Соның бірі осы Нұрғиса атамыздың құрметіне «Нұрғиса сазы» деп домбыра үйірмесі, вокал үйірмесі, эстрадалық вокал, дәстүрлі ән, жыр-терме, айтыс, қолөнер, сурет салу, би деген сияқты 8 үйірме бойынша балалар жаттығып жатыр.
Жаңа мәдениет үйі «Құстар әні» пьесасымен ашылды. Оны Іле ауданының өнерпаздары белгілі драматург Әлішер Рахатқа арнайы тапсырыспен жазғызған. Бұл Нұрғиса Тілендиевке арналған алғашқы жеке драмалық шығарма. Басты рольді солақай домбырашы Жасұлан Рамазан сомдады.
Жасұлан Рамазан, Н.Тілендиев атындағы мәдениет үйінің үйлестірушісі:
Әрине, бұл оңай болған жоқ. Себебі мен актер емеспін. Бұл салада бұрын-соңды рольдерді ойнап көрмегем. Дей тұрғанмен, өзімнің туған жерімнен шыққан үлкен өнер иесі, халық қаһарманы, оның үстіне Нұрғиса атамыз өзіңіз айттыңыз жаңа солақай домбырашы болғаннан кейін бұндай ұсыныстан бас тарта алмадым. Біріншіден, бұл біз үшін беріліп отырған үлкен мәртебе.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Қазақтың ұлы композиторы, дирижер, КСРО халық артисі Нұрғиса Тілендиевтің туған жері Іле ауданындағы Шілкемер ауылы. Қазір бұл елді мекен Тілендиев есімімен аталады. Ұлы композитордың 100 жылдық мерейтойына орай өткен жылы мұнда, міне мынадай еңселі ескерткіш бой көтерді. Онда қазақтың қасиетті қара домбырасы мен қос аққу бейнеленген.
Жұмагүл Нүсіпбекова, Нұрғиса Тілендиев ауылының тұрғыны:
- Өтініш жасағанбыз осылай Тілендиев ауылына бір памятник қойсақ 100 жылдығына деп. Үлкен көп рақмет біздің ұсынысымызды қабылдап, жарайды деп, сонша ақша шығарып, бізге кіреберіске осындай үлкен памятник қойып берді. Машиналарын тоқтатып, суретке түсіп жатыр. Бәріне рақмет айтып жатыр, «қандай керемет» деп. Енді біз мұны таза ұстайық.
Ал Нұрғиса Тілендиевтің сүйегі өз өтініші бойынша ақындар мен батырлар еліне баланған Жамбыл ауданындағы Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейі ауласына қойылды.
Гүлбану Досмырзаева, Астана қаласының тұрғыны:
- Жамбыл атамыздың басына келіп, осы кісінің өлеңдерімен сусындап мектепте өскен адамдармыз. Сол кісінің басына мен бірінші рет келіп, өте таңғалып тұрмын. Өте тамаша жер екен. Ол кісінің жанында мына Нұрғиса Тілендиев деген, ол кісінің де әндерімен сусындап өскен біз кезіндегі адамдармыз. Бұл кісінің өлеңдері, бұл кісінің саздары деген енді әлемдік деңгейде десем артық айтпаған болар едім.
Салтанат Жамбылова, Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалды музейінің директоры:
- Ауырып жатқан кезде «Халық Қаһарманы» орденін Елбасы өзі апарған ғой, сол кезде өтініш еткен екен осы жерге жерленуін. Содан 1998 жылы ол кісі жаңағы өтінішін айтқан Елбасына. Сол кезде енді айтқан екен «Кеңсайға жатпайсыз ба» деп сұрағанда сол кезде бұл кісінің де әулиелігі шығар, «Кеңсайға мені кім іздеп барады дейсіздер? Мында Жамбыл Жәкеме келген он адамның бесеуі кеп құран бағыштаса, маған сол да жетіп жатыр» деп.
Жамбылдай жыр алыбының рухына құран бағыштай келген әрбір адам осы күні 500-ден астам төл туындының авторы Тілендиевтің мазарына соқпай кетпейді. Ұлттық музыканы әлемдік деңгейге көтерген тұлғаға кезінде өзі тізесіне отырғызып, ақ батасын берген Жамбыл Жабаевтың жанынан топырақ бұйырды. Мұнда да қазақтың қасиетті қара домбырасы мен махаббаттың символына баланған аққулар бейнеленген...
Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов
Тегтер #Нұрғиса Тілендиев #мерейтой #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz