Солтүстік Қазақстан облысындағы қазақтың ағартушысы Шоқан Уәлихановтың балалық шағы өткен Айғаным қонысына жылына бес мыңға жуық турист келеді.
«Демалушылар қатары жыл санап артып отыр», - дейді мамандар. Әсіресе ұлы ғалымның өмірі мен шығармашылығын білгісі келетін шетелдік туристер көбейген. Ал тарихи нысанда Шоқанға қатысты қандай жәдігерлер сақталған?
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Сырымбет тауының баурайындағы Айғаным қонысы осы. Шоқан Уәлихановтың балалық шағы осында өтті. 12 жасқа дейін әжесінің қолында тәрбиеленген Шоқан кейін Омбыдағы кадет корпусына оқуға кетеді.
Бір бойына ұлттық руханияттан бөлек, батыс мәдениеті мен өнерін сіңірген Айғаным әжей Шоқанның зерек болып өсуіне тікелей ықпал етеді. Немересін ғылымнан бөлек, сурет және мүсін өнеріне де баулиды. Осылайша, осы қоныста ұлы ағартушы білім көзін ашып, көкжиегін кеңейтеді.
Нұргүл Құлбаева, Ш.Уәлиханов атындағы тарихи-этнографиялық музейінің директоры:
- Айғаным әжеміздің қонысының алғашқы тарихына келетін болсақ, бұл жерлерде 1980 жылы қазба жұмыстары жүргізілген болатын. Соның нәтижесінде бес үйдің іргетасы табылып, бір жылдың ішінде осы көріп тұрған бес үй бой көтерді. Оған мешіт кіреді, тұрғын үйлері кіреді. Сонымен медресе, мектебі және сайман қорасы.
Шоқанның жұлдызын жаққан еңбегі – Қашқария сапары. Сырымбет ауылындағы ғалым есімімен аталатын музейде осы сапардан сыр шертетін жәдігерлер көп. Бұдан бөлек, ұлы ғалымның салған суретті мен жақындарына тиесілі заттар да сақтаулы тұр.
Нұргүл Құлбаева, Ш.Уәлиханов атындағы тарихи-этнографиялық музейінің директоры:
- Құнды жәдігерлердің бірі – Шоқан Уәлихановтың атын әйгілі еткен Қашқар саяхаты. Сол Қашқар саяхатында өзімен бірге алып жүрген жол сандығымен танысамыз. Осы жол сандығында Шоқан Уәлиханов өзінің күнделіктерін, салған суреттерін осы сандықта сақтаған екен.
Шоқан – географ, этнограф, тарихшы, фольклоршы, ағартушы, шығыстанушы. Жеті жұрттың тілін білген полиглот. Суретшілік өнері мен сот саласындағы еңбегі тағы бар. Бүгінде ұлы тұлғаның осы қырлары көптеген ғалымның ғылыми еңбектеріне арқау болды. «Алайда әлі де зерттеуді қажет ететін тұстары көп», - дейді ғалымдар.
Аманбай Сейітқасымов, тарих ғылымдарының кандидаты:
- Шоқантану – біз ғана емес, біздің ұрпаққа да үлгі болатын, мұра болатын зерттеуді қажет ететін тақырып қой. Шоқанның біраз өмірі Омбы да өтті. Омбыдағы Кадет корпусы. Сосын Санкт-Петербургте болды қаншама рет. Ол жақта да жабық архивтер болуы мүмкін. Қашқарияға барды. Ол Шың империясы Қытайдың қарамағында орналасқан. Ол жақта да болып қалуы мүмкін.
Шоқан – құйрықты жұлдыздай жарқ еткен тұлға. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында ол туа біткен талантымен болашақ ұрпаққа мол мұра қалды. Сөз зергері Ғабит Мүсірепов ғалымның ғибратты ғұмырын бір ауыз сөзбен ғана жеткізген.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко
Тегтер #СҚО #турист #Таңдаулы #Шоқан УәлихановPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz