RU
Толық нұсқаға өту
Фото: Ақорда

«Тазы – қазақ рухы мен еркіндігінің символы»: Тамаш Яккельмен эксклюзив сұхбат

30.04.2026, 17:10 38

Халықаралық кинология федерациясының (FCI) президенті Тамаш Яккель Мемлекет басшысының қабылдауында болып, ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. Кездесуден соң ол қазақы тазының халықаралық деңгейдегі маңызы мен елордада өтетін көрме туралы ой бөлісті, деп хабарлайды 24KZ.

Мәртебелі марапат және Президентпен кездесу

- Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды және мен мұны зор мақтаныш тұтамын. Президент мырзамен өте мазмұнды әңгімелестік. Мұндай мәртебелі орденді өмірімнің соңына дейін мақтанышпен тағып жүретін боламын. Бұл - мен үшін үлкен мәртебе.

Жақында FCI Тазы тұқымын алдын ала ресми тіркеу туралы шешім қабылдады. Бұл - көпжылдық еңбектің жемісі. Қазақы тазының өзге иттерден басты айырмашылығы - оның мықтылығында. Олар басқа өңірлердегі иттерге қарағанда шымыр, сүйегі мықты және ерекше талғампаз келеді.

Тазы - тек сұлулық үшін емес, аңшылық үшін сұрыпталған тұқым. Сондықтан олар өте төзімді. Менің үйімде де қазақы тазыға ұқсас венгр тазысы (грэйхаунд) бар. Олардың болмысы маған өте жақын.

Тазы мен қазақ халқының рухани байланысы

- Шыны керек, мен қазақтарға қарағанда тазы тұқымын жақсырақ білемін. Дегенмен, ұлттық ит тұқымы мен сол елдің халқы арасында тығыз рухани байланыс болатыны анық. Менің өз елімдегі венгр тазыларыммен байланысым сияқты, қазақ халқы мен тазы арасында да сөзсіз түсіністік бар.

Қазақтар да ғасырлар бойы тазыны өз болмысына, рухына жақын болғандықтан таңдаған. Бұл - генетикалық қана емес, терең рухани байланыс. Тазы - қазақтың еркіндік сүйгіш рухының көрінісі.

Қазақстанның кинологиядағы болашағы

- Қазақстан алдағы 5-10 жылда Орталық Азиядағы кинология орталығына айнала ала ма? 

- Әрине! Сіздерде бәрі бар.Кәсібилік, тәжірибе және ең бастысы- жас әрі жігерлі команда. Осы белсенділік пен ғылымға  негізделген жұмыстың арқасында біз қысқа уақытта үлкен нәтижеге жеттік.Алдағы жылдары тазыны толыққанды халықаралық деңгейде тану үшін әлі де көп жұмыс істеу керек. Мен бұл жолда өз көмегімді аямаймын.

Астана туралы әсер

- Мен Астанаға түнгі сағат үште ұшып келдім. Президент резиденциясына бара жатқан жолда қаланың еңселі де зәулім ғимараттарын көріп, керемет әсер алдым.

 Алдағы жексенбіде Астанада өтетін халықаралық иттер көрмесінде төреші боламын. Нағыз әсерді сол жерде алатыныма сенімдімін.

 - Сұхбатыңызға көп рақмет!

Айта кетейік, 2-3 мамыр күндері елордадағы «EXPO» халықаралық көрме орталығында барлық ит тұқымдары қатысатын «Astana Winner 2026» халықаралық көрмесі өтеді. Көрмеге Қазақстаннан және шет мемлекеттерден әртүрлі тұқымдағы 350-ден астам ит, халықаралық сарапшылар, итбегілер, ит ұстаушылар және әуесқой кинологтар қатысады.

Халықаралық кинология федерациясының (FCI) Президенті Тамаш Яккель (Венгрия) бастаған, Швейцария мен Қытайдан және басқа да елдерден келген беделді халықаралық сарапшылар төреші болады. 

Іс шара, отандық кинологияны дамытуға, ұлттық ит тұқымдарын танымал етуге, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстанның мәдени мұрасын ілгерілетуге бағытталған.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz