RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда этноауыл көрмесі өтті

30.04.2026, 22:56 33

Алматыда Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында этноауыл көрмесі өтті. Жарты ғасыр ғұмырын қолөнерге арнаған отбасының туындылары мерекелік шараның сәнін кіргізді.

Шеберлердің өз қолымен жасаған әшекей бұйымдары, ер тоқымдар мен картиналар көпшіліктің көңілінен шықты. Мұнда оқушылардың қазақи нақышта жасаған туындылары ерекше көзге түседі. 

№200 мектеп-гимназия бүгін құдды бір шеберханаға айналғандай. Темірден түйін түйіп, ағаштан ою ойған ісмерлер келді. Солардың бірі – Қоңыр Бекдайыр. Әке жолын қуған Бекайдар қолөнермен 15 жасынан айналысады. Содан бері ұлттық өнерге деген махабатты бір сәтке де азайған емес. Төрт баласын үйретіпті. Бүгін енді өмірлік тәжірибесін алматылық оқушылармен бөлісіп отыр.

Қоңыр Бекдайыр, шебер:

- Өзіміздің ұлттық өнеріміз ғой. Өзіміздің құндылықтарымызды жоғалтпай, жалғастыруымыз керек. Әр мақсатымыз сол. Осы оқып жүрген жастарды, түлектерді осындай өнеріміздің бар екенін көрсету. Сосын олар оны қарасын, бір жағынан үйренсін. Біздің тарихымыз өте тереңде жатыр ғой.

Көрмеде күміспен апталып, асыл тастармен безендірілген ертоқым бірден көзге түседі. Бұл өнерлі отбасының кезекті жұмысы. Барлығы қолөнерге жақын болғанмен бағыттары бөлек. Мәселен, Бақытжан Еген – мүсінші, әрі суретші. Ол тіпті, таңбалы тасқа арнайы петроглиф салған.

Бақытжан Еген, өнертанушы:

- Көбінесе мүсін, өнер саласында жүрміз. Жалған табиғат жасаймыз. Одан кейін әшекей бұйымдар, картиналар, киім қазіргі заманға сәйкес. Бұрынғы технологияны қазіргі жаңа технологиясымен екеуін қосып, бір үлкен дүние жасаймыз.

Көрменің келесі бір бөлігі ұлттық киімдерге арналды. Мұнда өзбек, қырғыз, корей, тарар мен орыс ұлтының киімдерін байқауға болады. Тігілу стильдері әртүрлі бұйымдар әр этностың тарихынан сыр шертеді. Көрмеге тұрмыста қолданатын өзге жәдігерлер де қойылды.

Гүлім Телеу, №200 мектеп-гимназияның оқушысы:

- Біздің ұлттық киімдердің ең басты белгісі ол ою-өрнектер. Ұлттық нақыштағы ою-өрнектер. Соның бірі – камзолдар немесе шапандар. Бұлар басқа мемлекеттерге қарағанда өте ерекше болып тұрады.

«Қазақстан – ортақ үйіміз» этноауыл көрмесінің тәрбиелік мәні терең. Ұстаздар оқушыларға мерекенің маңызын түсіндірді. Береке бірліктен басталатыны анық. Осылайша, бүгінгі шара бір шаңырақ астындағы татулықтың айқын бейнесін көрсетті. 

Авторлары: Ернұр Рысбай, Кенже Амраев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz