RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ-та Мұхтар Мағауин орталығы ашылды

06.05.2026, 14:33 34

АҚШ-та Қазақстанның халық жазушысы, тарихшы Мұхтар Мағауин атындағы Қазақ ұлттық мәдени-ағарту орталығының ресми таныстырылымы өтті.

Шара Мэриленд штатындағы зиратта қаламгердің басына қойылған құлпытас презентациясынан басталды. Жазушының ұлы Едіге Мағауин бірегей ескерткіштің мағынасына тоқталып, жиналған жұртқа орталықтың миссиясы мен жоспарын баян етті.

Мэриленд штаты. Роквильдегі Парклон зираты. Алыс-жақын аймақтан келген иісі қазақ ағайын Мұхтар Мағауиннің басына келіп, құран бағыштап жатыр. Жаңадан қойылған құлпытастағы қазақ және ағылшын тілдеріндегі ақпарат, бір жағы қауырсын қалам, бір жағы алдаспан іспетті кескін зиярат етіп келген жерлестерімізге де, шетелдіктерге де жазушы болмысынан хабар беріп тұр.

Едіге Мағауин, Мұхтар Мағауинның ұлы:

- Әкеміздің басына тас қойған кезде сол келген адамдарға бір әсер беретін, әкеміздің кім екенін көрсететін, әкемізбен бір сырласқандай сезімде қалсын деген оймен осы құлпытасты арнайы жасап шығарған едік. Оның мәнісі - неге тау деп жасадық дейтін болсақ, тау деген қазақтың, жалпы түркі жұртының өтке заманы, өткен тарихы, ата бабаларымыздың жүріп өткен жолы. Арғы жақ шет көне түркі жазуымен - бұл біздің бұрынғы көне түркі тарихы. Таудың мына бергі жағы - бұл өзіміздің бертіндегі тарих. Шыңғысхан заманынан бастап, Алтын Орда, Қазақ ордасы, әкем әбден зерттеген, шығармаларына арқау еткен тақырып. Және астына қарап тұрсаңыздар, бұл “Аласапырандағы” көк күймелердің көші. Ал мына үстіндегі тұрған бұл жыраулардың белгісі.

Бұл белгі алдаспан ұстаған арыстан үстіндегі жыраудың бейнесі Мұхтар Мағауиннің 70-жылдардағы жыраулар поэзиясына арналған “Алдаспан” атты кітабын меңзейді. Алтын орда заманынан бергі мәдени мұрамызға қатысты зерттеуі Кеңес заманында зор сынға ұшыраған. Десе де, қазақ әдебиетінің тарихын үш ғасырға кеңейтіп берген еңбек қазіргі күні оқырман үшін қымбат қазынамен тең.

Алексей Пименов, тарихшы:

- Мұхтар Мағауин - әлем мәдениетінде сирек кездесетін қос қасиетке ие феномен. Ол тек ұлы жазушы емес, көрнекті тарихшы. Жас кезінде қазақ әдебиетінің даңғыл жолы - жыраулар поэзиясының мән-мағынасын ашып көрсетті. Алғашқылардың бірі болып XVII ғасыр басындағы Ресейдегі саяси тұрақсыздық кезіндегі қазақтар жайлы “Аласапыран” шығармасында баяндады. Осылайша қазақ тарихи прозасының жаңа кезеңін ашты. Маған қаламгермен бірнеше рет сұхбаттасу бақыты бұйырды. Болашақта ол кісінің шығармалары қазіргіден де кең ауқымда әлемнің көптеген тілдеріне аударылатынына сенімдімін. Сол арқылы жаһан жұрты адамзаттың ортақ түп-тамыры жайлы тағы да біле түседі деп ойлаймын. Бүгін Мұхтар Мағауиннің рухына тағзым етіп қана қоймай, оның еңбегін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу жайын да  ойлауымыз керек.

Осыдан соң жиналған қауым жазушы ғұмырының кейінгі он жылы өткен Силвер Спрингстегі, қазақша айтқанда, Күміс бұлақ кентіндегі киелі шаңыраққа беттеді. Бұл жерде “Мұхтар Мағауин Қазақ ұлттық мәдени-ағарту орталығының” ресми таныстырылымы өтті. Келушілер қаламгердің жұмыс бөлмесін көріп, әлем әдебиетіне бай кітап сөрелерін қызықтады. 

Дархан Нұрмағамбет, Қазақ -  Америка қауымдастығының президенті:

- 90-жылдары осы үкімет бытырап жатқан кезде сол Мұхтар ағамыздың кітабы “Қазақ тарихының әліппесі” деген кітап біздің қазақтың рухын көтеріп, қазақтың санасын көтеріп, біз өзіміздің қазақ екенімізді біліп, тарихымызды біліп, солай бір қазақтың рухын көтерген. Енді ағамыз он жылдай қасымызда болды. Жақсы-жақсы кітаптарды осы жерде жазды. “Алтын орданы” осы жерде жазды. Аға жатқан жер бізге киелі жер болады. Қазақтар Америкада көбейіп жатыр. Қазақтардың басын қосып, Құран оқитын жер болады енді бізге. 

Алда қаламгер шығармалары арқылы қазақ мәдениеті дәл осы орталық арқылы да дәріптелмек. Тіпті Күлтегіннің құлпытастарының көшірмесін осы орынның ауласына орналастырып, түбі бір түркі халықтарына ортақ нысан қалыптастыру да жоспарда бар екен. Әлі жарық көрмеген Мұхтар Мағауиннің көне түркі жазуынан тәржімалаған еңбегі де, жары Бақытжамал Мағауинаға жазған хаттары да бөлек топтама болып оқырманға жол тартпақ.

Ердана Ержанұлы, Ренат Садыров, Жанар Көбекбай, Эндрю Фанг

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz