2027 жылы Қазақстанның мәдени мұрасы АҚШ-та өтетін, Smithsonian Folklife Festival алаңында таныстырылады.
Жоба аясында Алматыға фестиваль сарапшылары келді. Сапардың мақсаты – Қазақстанның мәдениетін тереңірек зерделеу. Шеберлер және зерттеушілермен танысып, фестивальге ұсынатын бағыттарды айқындау. Жобаның бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» қоры.
Смитсон фольклор фестивалі бұл – әлем халықтарының дәстүрлі мәдениетін таныстыратын ірі халықаралық алаң. Жоба ұлттар арасындағы мәдени байланысты нығайтуға, өзара түсіністік пен құрметті арттыруға ықпал етеді. Фестивальге дайындық кезеңі аясында Қазақстанға келген сарапшылар бір күнін Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайына арнады.
Слоун Келлер, Smithsonian Institution мәдени жобалар менеджері:
- Бұл сапар өте мазмұнды әрі әсерлі болды. Біз дәстүрлі және заманауи музыка саласының көрнекті өкілдерімен, мәдениет зерттеушілерімен және дарынды суретшілермен жүздестік. Бұл кездесулер бізге қазақ мәдениетінің ауқымы мен тереңдігін шынайы түрде түсінуге жол ашты.
Қазақстан үшін Смитсон фольклор фестиваліне қатысу – ұлттық мәдениетті ауқымды халықаралық аудиторияға таныстыруға мүмкіндік береді. Фестивальге қатысуға дайындық кезеңіне «Самұрық Қазына» акционерлік қоғамы бірыңғай операторы Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қоры қолдау көрсетіп отыр.
Альфия Әдиева, «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының бас директоры:
- Бұл фестивальге біздің тараптан қолдау көрсету біз үшін өте маңызды. Өйткені біз еліміздің мәдениет саласының дамуына бей-жай қарамаймыз. Фестивальден бөлек, қазіргі таңда Италияда өтіп жатқан биеннале көрмесіне де үлкен қолдау көрсетіп жатырмыз.
Бұл компанияның жүйелі жұмысының жалғасы. Бұған дейін компанияның қолдауымен Доссор ауылында кітапхана-музей, Семей қаласында зағип және нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған кітапхана, Петропавл, Ақтөбе және Орал қалаларында креативті хабтар, Тараз бен Шымкентте белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары, Қызылордада мұражай салынды.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов
Тегтер #мәдени мұра #АҚШ #жоба #фестивальPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz