Қарағандылық студенттер қазақ эпосы мен ертегі кейіпкерлерінің қуыршақтар коллекциясын жасады. Шебер жастардың қолынан шыққан дүниелер Мұхтар Әуезов атындағы кітапханада көрмеге қойылды.
Әр қуыршақты жасау үшін жастар олар ұзақ ізденіп, ертегілер мен жырларды, аңыз-әңгімелерді толық оқып шыққан. Ал кітапхана ұжымы қажетті оқулықтармен қамтамассыз етіп, көрмені ұйымдастыруға көмектесті.
Ерекше жоба туралы естіп, оған қуана қатысқандардың бірі-Айша Күзембаева. Гумманитарлық колледждің көркем еңбек бөлімінің студенті «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегісінің басты кейіпкерін таңдаған. Қарлығашты ұлттық киім киген қанатты қыз бейнесінде жасады. Ол үшін ертегіні оқып, қосымша мәліметтер іздеп, кейіпкердің ерекшелігін зерттеген. Қуыршақты жасауға қағаз майлық, ұннан жасалған желім мен түрлі бояуларды пайдаланған.
Айша Күзембаева, Қарағанды жоғары гумманитарлық колледжінің студенті:
- Бала күнімде үлкендер қарлығаш туралы ертегіні көп айтатын. Әкем тұрған ауылдағы үйдің шатырына жылда осы құс ұя салатын. Сондықтан болар бұл ертегі жаныма жақын. Қарлығаш бейнесін жасап шығардым. Алғашқы қуыршақ болған соң өзіме өте ыстық.
Қазақтың бай ауыз әдебиеті мен эпостық мұрасын дәріптеуге арналған ерекше көрмеде Жезтырнақ, Жалмауыз кемпір секілді мифологиялық кейіпкерлер бар. Одан бөлек Алпамыс, Қобыланды сынды батырлар жырының және ел жадында сақталған аңыз әңгімелердің бас кейіпкерлері қойылды. Әр қуыршақтың жанына сол образ жайлы жазылған кітап бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба жастардың ұлттық әдебиетке, кітап оқуға және көркем өнерге деген қызығушылығын арттырады.
Нұржамал Құсайынова, Қарағанды жоғары гумманитарлық колледжінің мұғалімі:
- Өзіміздің ұлтымыздың фольклорын біліп, танып, аңыз-әңгімелерін оқып, ерекшелігін танып, сол арқылы жаңағы өзіміздің ұлтымыздың салт-санасын тәрбиелейді деп есептеймін. Жалпы өте керемет нәтиже көрініп тұр.
Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана ұжымы жас қолөнершілерге жұмыс істеуге арнайы орын ұсынып, қажетті кітаптармен қамтамасыз етті. Осындай шығармашыл жастардың бастамасы болашақта креативті индустрияның дамуына серпін беріп, ұлттық нақыштағы қуыршақтардың пайда болуына септігін тигізеді. Көрмеге 24 студенттің авторлық жұмысы қойылды. Олардың арасынан осы өнерді дамытып, жаңа деңгейге көтеретін талантты жастар шығатынына сенім мол,-дейді ұйымдастырушылар.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Қарағанды #қуыршақтар көрмесі #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz