RU
Толық нұсқаға өту

Өзбекстанда қазақ ақынының кітабы жарық көрді

17.05.2026, 14:21 99

Өзбекстанда белгілі қазақ жазушысы Сапарбек Иманбековтың «Әділет шуағы» атты кітабы жарық көрді. 

44 жыл қазақ мектебінде ұстаздық еткен қаламгердің қазақ, өзбек, қарақалпақ және қырғыз тілдерінде бұған дейін де туындылары баспадан шыққан. Бұл жолы ол Өзбекстанның халық жазушысы Абдулла Ариповтың шығармасын қазақ тіліне тәржімалады. 

Өзбекстан Жазушылар одағының ғимаратында өткен кітаптың тұсаукесер салтанатына осы елдегі белгілі қаламгерлер мен қазақ-мәдени орталықтарының басшылары, сондай-ақ студенттер қатысты. 80-нің сеңгіріне шыққан қарт ақынды әріптестері құттықтап, иығына шапан жапты.  

Сапарбек Иманбеков, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі:

- Қазіргі уақытта «өмір ағысы»деген кітап жазып жатырмын. Негізгі оқырмандарым – мектеп оқушылары. Өзім қазақ мектебінде 44 жыл сабақ бергенмін. Аудармаға жақындығым содан.

Сапарбек Иманбеков Өзбекстанның Халық ақыны, елдің әнұран авторы Абдулла Ариповтың «әділет шуағы» жинағын қазақ тіліне аударып, оқырманға ұсынды. Жалпы биыл қазақ қалемгерлері әртүрлі жанрда 10-ға жуық кітап шығаруды жоспарлап отыр. 

Тұрсынәлі Ахметов, Өзбекстан Жазушылар одағы Қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы:

- Өзбекстанда қазақ әдебиетінің классиктері Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсерепов сияқты алып тұлғалардың шығармаларын баспадан басып шығаруды қолға алып, жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл әрине, қазақ мектептері үшін балалардың әдебиетке қызығушылығын оятады деп үміттенеміз. 

Жиында биылғы жылы жарыққа шығатын шығармалардың мазмұны мен қаржыландыру тетіктері сөз болды. Жас ақын жазушыларды қолдау тақырыбы да назардан тыс қалмады. Жалпы Өзбекстанда 30-ға жуық қазақ қаламгері бар. Олардың негізгі оқырмандары – қазақ мектебінің оқушылары.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz