RU
Толық нұсқаға өту

Қызылордада «Музейге сый» акциясы басталды

18.05.2026, 08:16 92

Бүгін 18 мамыр - Халықаралық музей күні.

Осыған орай Қызылордада «Музейге сый» акциясы басталды. Биыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қоры жүздеген бірегей жәдігермен толықты. Жаңа экспонаттардың қатарында танымал тұлғалардың жеке заттары мен өткен ғасырдың сирек техникалары бар.

Винтажды фотоаппарат, киноойнатқыш және жазу машинкасы. Бұл заттарды музейге колледжде жұмыс істейтін мұғалімнің отбасы табыстаған. Көнекөз дүниелер ерекше тарихи құндылыққа ие.

Кенжегүл Ибрагимова, музейдің бас қор сақтаушысы:

- Бұл заттар уақыт өте келе жоғалып кетуі, ұмытылып кетуі мүмкін. Сондықтан да музейге әкеліп өткізсе біз оны көзіміздің қарашығындай сақтап, келешек ұрпаққа аманат етіп жеткіземіз. Былтырғы жылға қарағанда биыл өте көп қала тұрғындары келді. 

Үй төріндегі сөрелерден музейге жол тартқан басқа да бағалы жәдігерлер бар. Олардың қатарында авторлық кілемдер, сирек банкноттар, суретші Ясби Агитаевтың туындылары, аты аңызға айналған музыкант Батырхан Шүкеновтің жеке заттары мен фотосуреттері бар. Сонымен қатар көне тоқыма бұйымдарының коллекциясы да қойылған.

Қарлығаш Ілиясова, қала тұрғыны:

- Қазақтың шапанымен, ер шапаны мен қоржын беріп отырмын. Себебі қазір өзіміздің қолымызда сақталғаннан гөрі осы музейде сақталса, жастар көрсе оны. Әрі музей мәдениетіміздің құндылығын сақтайтын жер ғой. 

Белгілі ақын Бексұлтан Орынбасар да музейге біраз құнды жәдігерлерді тарту етті. «Күміс домбыра» республикалық жастар байқауының жеңімпазы өзінің ең басты марапаты күміс домбырасын сыйлаған. Ол қазір Мұхтар Ниязовтың алтын домбырасымен қатар тұр.

Бексұлтан Орынбасар, ақын:

- Айтыс қазаққа ортақ мұра болғаннан кейін мұндағы ақынның жетістіктері де еліне ортақ. Сондықтан ьізден кейінгі қанат қағып келе жатқан іні-қарындастарымыз, осы өнерге қызығушылығы бар жастардың барлығы осы алтын домбыра мен күміс домбыраны қатар көріп, шабыттары еселеніп, елдің мәдени дамуына өз үлесін қосады деген сенімдеміз. 

Акция басталғалы музей қоры 150-ге жуық жаңа экспонатпен толықты. Бүгінде бұл жер тек көне жәдігерлер сақталатын орын емес, өңірдің  шежірелі орнына айналды. Жоба жалғасып жатыр. Өз отбасының құнды мұрасын елдің рухани игілігі үшін музейге табыстағысы келетін жандарға есік ашық.

Руслан Нұрланұлы, Райхан Тәжібаева, Нұржан Мұзарапшин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz