Қазақстандық суретші Әсел Сабыржанқызы әлемге танымал әншілер Николь Шерзингер, Тимбалэнд және Кери Хилсонға арнап жасаған ерекше кілем-картиналарын табыстады, деп хабарлайды «24KZ».
Суретші алдымен Алматы, Астанада концерт өткізген Кери Хилсонмен кездескен. Кездесу сәтінен видео Instagram желісінде жарияланды. Видеодан Әселдің әншіге өз қолымен жасаған туындысын сыйлап жатқанын көруге болады.
Шетелдік жұлдыз қазақстандық суретшінің еңбегіне жоғары баға беріп, ерекше ықыласын білдіреді.
— Кериді Алматыға келе салысымен осындай сыйлық күтіп тұрды. Өте мейірімді, стильді әрі қарапайым жан екен, — деп жазды суретші.
Кейін Әсел Сабыржанқызы әйгілі Pussycat Dolls тобының бұрынғы солисі Николь Шерзингермен кездесіп, әншіге арнайы әзірленген кілем-картинаны сыйлаған.
Суретшінің айтуынша, Николь Шерзингер сыйлықты ерекше ықыласпен қабылдап, оны құшақтап алғыс білдірген.
“Мен Николь Шерзингерге картина сыйладым. Бұл түсім бе өзі? Ол керемет жан екен, мейірімді, ашық, өте сұлу! Ол мені құшақтады. Ағылшын тілімнің деңгейі барлық ойымды жеткізіп, онымен еркін сөйлесуге мүмкіндік бермегені өкінішті. Ал мен оған жаңа картина салып үлгердім”, – деп жазды суретші жеке парақшасында.
Әсел Сабыржанқызы әлемдік поп-жұлдыз Дженифер Лопеске де өзінің кілем-картинасын тарту етіп, қошеметке бөленді.
Желі қолданушылары қазақстандық шебердің еңбегіне тәнті болып, жылы пікірлерін жаудырып жатыр.
Тегтер #Әсел Сабыржанқызы #кілем сый #Николь Шерзингер #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz