RU
Толық нұсқаға өту

Елімізде «Музей түні – 2026» акциясы өтті

19.05.2026, 08:40 76

Біздің ел де халықаралық Музей түнін өткізді. Мегаполистер ғана емес, ауыл-аймақтарда да көрмелер ұйымдастырылды. Шеберлік сабақтары өтіп, робот шоулар көрсетілді.

Елордадағы Ұлттық музей келушілерге лық толы. Руханият мекені дәстүрлі Музей түнін биыл алабөтен атап өтті. Қызу әзірлік босағадан төрге дейін байқалады. Тұрғындар тарих пен тағылымға қанығып қана қоймай, бас қаладағы белгілі өнер ұжымдарының концерттік тартуын тамашалауға мүмкіндік алды.

Берік Әбдіғалиұлы ҚР Ұлттық музейінің директоры:

- Музей түні жалпы дәстүрге айналды. Тек Астанада емес, Қазақстан бойынша үлкен іс-шаралар өтіп жатыр. Бірақ биылғы жылғы ерекшелік қонақтар көп келіп жатыр. 18 мамыр Музей түні болса, 21 мамыр Мәдениет қызметкерлерінің күні. Тұспа тұс болып жатыр. Қазір Астанада Мәдениет саласының үлкен форумы өтейін деп жатыр. Сондықтан халыққа осындай үлкен іс-шараларды музей ғана емес, мәдени іс-шараларды біріктіріп жатырмыз.

Сан ғасырдың куәсіндей болған Ұлттық музей қорында бүгінде 200 мыңнан астам жәдігер көздің қарашығындай сақтаулы тұр. Оларды тамашалауға мұнда жылына 600 мыңнан астам адам бас сұғады. Соның 40 мыңға жуығы халықаралық музей түні іс-шарасы аясында келді.

Фируза Исатайқызы, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Шымкенттен Мәдениет күніне орай түнгі мұражайға келіп қалдық. Ұлттық музейдің кереметтелігі соншалықты руханияттың, қазақ екенімізді танытатын дүниені көріп тұрғандаймыз. Келешек ұрпаққа берері мол.

Тақырыптық көрмелерден бөлек, акция барысында келушілерге шеберлік сабақтары мен ғылыми дәрістер ұсынылды. Ал жеткіншектер үшін «Балдырған Гид» жобасы мен «Өткеннен бүгінге - жәдігерлер сыры» театрландырылған экскурсиясының берері мол. Оған қоса, биыл Музей ұжымы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесе  роботтар шоуын ұйымдастырды.

Ұлболсын Аюбаева, Ташкент қаласының тұрғыны:

- Ташкент қаласынан Астанаға қонақ болып келдік. Ұлттық музейде көрме болып жатыр екен. Өте ұнады. Қазақ халқының тарихын көріп жатырмыз. Былайша білетін едік, көп мәліметтерге ие болдық.

Көпшілік жылда асыға күтетін «Жұлдызды гид» жобасы биыл да жалғасын тапты. Елге белгілі тұлғалар мұражай қызметкерлері секілді халқымыздың бай шежіресінен бір сәт сыр шертті.

Ардақ Назаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жаңқожа Нұрмұхамедұлының қылышы. Ол музейді біз шет елден алдырып осы музейге сыйладық. Қасымда Айдарбек Қожаназаров деген депутат бауырым бар. Екеуміз осыны музейге табыс еттік. Бізден сауғат. 1845 ж деген жазуы бар.

Музей түні - бұл жай ғана іс-шара емес, бұл - ұлттық мұрамен сырласатын,  тарих пен өнерге жаңаша көзқарас қалыптастыратын бірегей алаң. Оған біз де көз жеткіздік. 

Авторлары: Назерке Тоқжан, Медет Қуанышбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz