RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда Олжас Сүлейменовтің 90 жасқа толуына арналған салтанатты кеш өтті

19.05.2026, 20:29 99

Алматыда Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 90 жасқа толуына арналған салтанатты кеш өтті. 

Абай атындағы опера және балет театрындағы жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Кеште өнерпаздар ән шырқап, ақындар арнау өлеңдерін оқыды.

Олжас Сүлейменов руханияттың алып өкілі. Оған деген халқының құрметі қашанда ерек. Кеше ғана 90-ға иек артқан қаламгер денсаулығына байланысты өзінің мерейтойлық кешіне келе алмады. Кеш шымылдығы ақынның әсерлі өлеңдерімен ашылды. Адамзат тағдыры, тарих, тіл мен өркениет жайлы еңбектері әдебиет пен қоғамдық ойға үлкен серпіліс әкелген Олжас ақынның шығармашылығы руханияттың үлкен олжасы, дейді қаламгерлер. 

Бауыржан Жақып, ақын, филология ғылымдарының докторы:

- Олжекеңнің кез келген өлеңі ұлттық деңгейден бүкіл адамзаттық масштабқа дейін жетеді. Өйткені ол кісінің «Домбыра, Махамбетке арналған өлеңі, «Қыз қуу» деген өлеңі, «Айналайын» деген өлеңі атынан, тақырыбынан көрініп тұрғандай қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын бүкіл әлемге жайды. Біздің руханиятымызды әлемге таныстырған қазақтардың бірі Олжекең. 

Олжас Омарұлының ғұмыры кез келген қазақ баласына үлгі. Оның шығармашылығы бірнеше буын оқырманның рухани тәрбиесіне ықпал етті. Кеш барысында қаламдас ізбасарлары ақынның өлеңдерін оқыды.

- Ұйықта әке, жайланып.

Мен ояумын. Сергекпін.

Жас өмірдің дуасына айналып

Ер жеттім.

Самғау ма бұл зау көкке,

Сарқырама секілді тасқа ұру ма?

Өлеңім

Ие болса деп пе едің мені иен дәулетке

Осы менің байлығым.

Олжас Сүлейменовтің шығармалары ұлттық руханияттың алтын қорына енді. Ал оның қоғамдық және халықаралық деңгейдегі қызметі ел тарихында айрықша орын алады.

Асқар Жұмаділдаев, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі: 

-  Орыс халқының «Слово о полку Игореве» деген поэмасы бар ғой. Соны Олжас ағамыз алып талдап, мұның ішінде тек қана орысқа емес, қазаққа да қыпшаққа да жақын жерлері бар екенін дәлелдеген кісі ғой. Математикада постановка задачи деген ұғым бар. Сұрақтың қойылуы дейтін. Бұл кісінің ғылыми тұрғыдан пікірталас тудырған шығар нешетүрлі, ғалымдардың арасында. Бірақ сұрақтың қойылу жағынан келгенде бұл сұрақты дөп қойды. Халықтың сезімін оятты. Сол себепті мен бұл кісінің бұл кітабын аса құрметтеймін және бұл мәңгілік кітап деп ойлаймын.

Олжас Сүлейменовтің өмір жолы қалам мен қайратты қатар ұстаған сирек тағдырлардың бірі. Ғасырға жуық ғұмырын сөз өнері мен ел мүддесіне арнаған тұлға уақытпен бірге биіктей түсетіні анық.

Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz