RU
Толық нұсқаға өту

Алматыдағы музейлерге бір түнде 76 мыңға жуық адам келді

19.05.2026, 21:53 109

Биылғы «Музей түні» акциясының нәтижесі осындай. 

Рухани құндылықтар мен көне тарих ордасының есігі келушілерге ашық болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл қонақтардың саны өткен жылмен салыстырғанда көп. Бұл тарихи жәдігерлеге қызығушылықтың  артқанын көрсетеді.

Ұлттық Орталық музейге келушілердің қарасы көп. Қонақтардың бұл мұражайды таңдауы да бекер емес. Мұнда 300 мыңнан аса тарихи жәдігер сақталған. Әрқайсысы өз дәуірінен сыр шертеді. Алматыдағы бас музейге жылына 230 мыңнан астам адам бас сұғады. Музей түні акциясының өзіне 18 мыңға жуық адам келіпті.

Сержан Саров, ҚР Ұлттық орталық музейінің директоры:

- Бұл түні келушілер әрбір экспозициялық залдан жанданған экспозицияны көреді. Мысалы, Алтын Орда дәуіріндегі хандардың, сұлтандардың образын осы залдан тірілген экспонат дейді ғой. Биылғы музей түнінің ең бір ерекшелігі осы Қазақстандағы айтулы даталарға байланысты ұйымдастырылып отыр. 

«Мүзей түні» мәдени акциясы алғаш рет 1997 жылы Германияда ұйымдастырылды. Біраз жылдан бері біздің елде де кеңінен аталып өтеді. Бұл түні музей қызметкерлерінің қатарын жұлдызды гидтер толықтырды. Олар меймандарға экскурсия жүргізді. Сондай-ақ «Музейге сый» акциясы аясында Алматы музей қоры құнды жәдігерлермен толықты. 

Данияр Әлиев, қалалық мәдениет басқармасының басшысы:

- Елімізде бүгінгі таңда екі жүз сексен екі музей бар сол екі жүз сексен екі музейдің жиырма жетісі алматы қаласында орналасқан. Музей деген бұл ұлттық құндылықтың қайнар бұлағы. Ұлттық құндылықтың қасиетті қара шаңырағы деп айтамыз.

Концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Сахнада «Мөлдір махаббат», «Ұлпан ұлағаты» сияқты қойылымдар қойылды. Көріністер мәдени шараның сәнін кіргізді. Қонақтар интеллектуалды ойындар мен шеберлік сабақтарына белсенді қатысты.

Дариға Болат, студент:

- Осы жақтағы әшекейлердің, заттардың барлығының негізі қалай қолданған, негізгі информациясының барлығын біліп, келген қонақтарға өзім де айтып жатырмын. 

Биыл қаладағы «Музей түні» акциясына 76 мыңға жуық адам келді. Тереңнен сыр шерткен төл тарихымызды ұлықтау осындай шаралардан басталады. Ұлттық мұраны қадірлей білсек, елдігіміз арта бермек. 

Ернұр Рысбай, Сержан Жұмабаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz