RU
Толық нұсқаға өту
Фото: Видеодан алынған кадр

Қазақ әндері әлемді бағындырып жатыр: шетелдіктер тыңдайтын 6 қазақстандық әртіс

20.05.2026, 12:21 342

Қазақ тілі бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде шырқалып жүр. "Жулдыз FM", шығармашылығы Қазақстаннан тыс жерлерде де тыңдарманның жүрегіне жол тапқан,  әндері TikTok-та трендке айналып, әлемдік жұлдыздардың stories-терінде жарияланып,  шетелдіктерге қазақша сөз жаттатқызған алты орындаушыны белгіледі, деп хабарлайды «24KZ».

dudeontheguitar
Нұрбек Елемес, яғни dudeontheguitar, Dododowson-пен бірге шығарған  Бара жатыр (Barajatr) трегі арқылы шетелдік аудиторияның назарын аударды. Тыңдармандар әннің әуені мен стилін жоғары бағалап, оны қазақстандық инди сахнаның жаңа тынысы деп атады.

Ayau
Әнші Ayau-дың   Сыбырлайын (Sybyrlaiyn) және Басқаны (Basqany) әндері TikTok-та кең тарады. Оның тректерін америкалық актрисалар Сидни Суини мен Ева Лонгория да стористерінде қолданған. Жапониялық жанкүйерлердің өзі Ayau концерті үшін Қазақстанға келіп жүр.

Димаш Құдайберген
Димаш әлемдік деңгейдегі қазақ әртісіне айналды. Ол Нью-Йорктегі әйгілі Madison Square Garden аренасында жеке концерт беріп, қазақ мәдениетін әлемге танытты. Оның арқасында шетелдіктер қазақ тілін үйреніп, домбыра тартуға қызығушылық танытуда.

Yenlik
Yenlik халықаралық Colors жобасына шақырылған алғашқы қазақстандық әнші атанды. Оның    Мейлі (Meili) мен  16 қыз (16 Qyz) әндері TikTok-та трендке айналып, тыңдарманын көбейтті.

Sadraddin
Садраддин Болаттың Мелодрама  (Melodrama) әні YouTube-та миллиондаған қаралым жинады. Қазақ және түрік тіліндегі трек Түркия мен Әзербайжанда ерекше танымал болды.

Ninety One
Ninety One тобы шетелдік тыңдармандар арасында да кеңінен танымал. Америкалық жанкүйер Эван Аллен топтың әндері арқылы қазақ тілін үйренгенін айтқан.

Бүгінде қазақстандық музыка тек ел ішінде емес, әлем сахнасында да өз орнын қалыптастырып келеді. Қазақ әндері арқылы шетелдіктер тіл үйреніп, мәдениетке қызығушылық танытуда.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz