RU
Толық нұсқаға өту
Фото: dimashnews.com

Бангладеште Димашқа ерекше сый тарту етілді

20.05.2026, 13:11 128

Бангладешке гуманитарлық миссия аясында барған әлемге әйгілі әнші, БҰҰ-ның Көші-қон жөніндегі ізгі ниет елшісі Димаш Құдайберген Кокс-Базардағы рохинджа қауымдастығының музыканттарымен кездесті, деп хабарлайды «24KZ».

Кездесу рохинджа мәдени мұра орталығында өтті. Мұнда туған жерінен айырылған адамдар ұлттық өнер мен дәстүрлі музыканы сақтап қалуға тырысып келеді. Олар өз тарихын жас ұрпаққа үйретіп, дәстүрлі аспаптарда ойнап қана қоймай, музыкалық аспаптар жасаумен де айналысады.

Қазақстаннан барған қонақты жергілікті музыканттар арнайы музыкалық сәлеммен қарсы алды. Кездесуге скрипкашы Рошид Ахмед, барабаншы Имам Хоссейн, сондай-ақ бірнеше музыкант, композитор және музыка мұғалімдері қатысты.

Димаш Құдайберген жергілікті дәстүрлі аспаптарға ерекше қызығушылық танытып, музыканттармен бірге шағын шығармашылық сессияға қатысты. Сондай-ақ оған рохинджа мәдени мұра орталығы арнайы мандолина сыйға тартты. Әнші бұл аспапта белгілі музыкалық шығармалардан үзінді орындады.

Кокс-Базар бүгінде жүздеген мың босқынды паналатып отырған әлемдегі ең ірі лагерьлердің бірі. Қиын тұрмыстық жағдайға қарамастан, мұнда мәдениет орталықтары жұмыс істеп, музыка мен шығармашылық адамдардың рухани байланысын сақтауға қызмет етіп келеді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz