RU
Толық нұсқаға өту

Сеул тұрғындары қазақ мәдениетімен танысты

20.05.2026, 20:50 39

Сеулдің мыңдаған тұрғыны Қазақ мәдениетімен танысты. Қала әкімшілігі алдындағы алаңда Орталық Азия елдерінің көктемгі фестивалі өтті.

Мәдени шараға келушілер ұлттық музыка мен биден ләззат алып, кешке ашық аспан астында қазақстан фильмдерін тамашалады. 

Орталық Азияның көктем фестивалі Сеулде дәстүрге айналған.  2019 жылдан бері өткізіліп келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы шараның орны бөлек: себебі ол қыркүйек айына жоспарланған «Корея-Орталық Азия» алғашқы саммиті қарсаңында өтіп жатыр. Сондықтан биыл фестиваль Чонге бұлағының бойынан Сеул мэриясының жанындағы кең алаңға ауыстырылды.

Ким Йон Ук, «Корея-Орталық Азия» ынтымақтастық форумы хатшылығының атқарушы директоры:

- Ежелден Корея мен Орталық Азияны Ұлы Жібек жолы арқылы гуманитарлық және мәдени қарым-қанытастар байланыстырып келгенін білеміз. Бұл тарихи  байланыс бүгін де дамып келеді. Қазір Кореяда Орталық Азияның бес елінен келген 150 мыңға жуық адам тұрады, ал Орталық Азия аймағының өзінде 310 мыңға жуық отандасымыз бар, оның  300 мыңға жуығы этникалық корейлер.

Орталық Азияның көктем фестивалі Сеул мэриясының ашық аспан астындағы кітапхана іс-шарасымен бірге ұйымдастырылып отыр. Бұл келушілерге корей тіліндегі кітаптармен танысып қана қоймай , оларды оқуға мүкіндік береді. Ал Қазақстан стендінде Абай шығармаларының жинағы тегін таратылды.

Ұлттық әндер мен билерді Кореядағы қазақ диаспорасының өкілдері орындады. Сондай-ақ Сеул тұрғындарына  дәстүрлі бас киімдер, киіз үй үлгілері, Орталық Азия халықтарының ою-өрнектерімен безендірілген кітап бетбелгілері мен салпыншақтар жасау бойынша шеберлік сабақтары өткізілді.

Ким Ён У, студент:

- Сеул мэриясының алдында мұндай қойылымдардың өткізілуі мен үшін өте маңызды. Өнерді тамашалай отырып, бұл мәдениеттің корей мәдениетінен қаншалықты ерекшеленетінін сезіндім. Қазақстан Кореяда энергетикалық ресурстарды экспорттаушы ретінде танымал, сонымен қатар соңғы уақытта елдеріміз арасындағы байланыстардың  белсенді жүріп жатқанын білемін.

Фестиваль режиссер Әлен Ниязбековтің «Менің үлкен қазақ отбасым» фильмінің көрсетілімімен аяқталды. Туынды корей тілінде субтитрмен көрсетілді, осы арқылы Сеул тұрғындары Қазақстандағы ұлтаралық достық туралы мол мағлұмат алды.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz