RU
Толық нұсқаға өту

Алматы облысында «Қымызмұрындық – 2026» этнофестивалі өтеді

20.05.2026, 21:50 40

Көктемде бие байлап, алғашқы қымыздың дәмін тататын жұрт қымызмұрындық мерекесін тойламақ. Алматы облысы «Қымызмұрындық – 2026» этнофестивалін өткізуге қызу дайындалып жатыр.

Бірлікті бекемдеп, дәстүрді дәріптейтін шара Қарқара жайлауында ұйымдастырылады. Оған жан-жақтан 35 мыңдай адам келеді. Этноауыл бой көтеріп, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Қонақтарға қымыздың 20-дан астам түрі ұсынылады. 

Биік таудың баурайындағы Қарқара жайлауында биыл да дүркіреген той болады. Дәстүрлі «Қымызмұрындық» мәдени фестивалі мен «Жолан жүйрігі» республикалық аламан бәйгесі қазақтың бай мұрасын дәріптейтін тағылымды шара екені рас. Облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Төлеген Кенжебековтің айтуынша, фестивальдің  мақсаты – ұмыт бола бастаған ұлттық дәстүрлерді жаңғыртып, Қымызмұрындықты мәдени-туристік бренд ретінде дамыту.

Әнуар Үмбетәлиев, Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

- Қымызды кеңінен насихаттау, қалай дайындау керек, соның бәрін көрсету. Сонымен қатар біздің шеберлерімізді насихаттау. алдағы уақытта іс-шара өтпейтін күндері де, сол жерге туристік бағыт кеңінен келеді деген үміттеміз.

Фестивалда қолөнер шеберлерінің көрмесі өтіп, этноауылда ақшаңқан үйлер тігіледі. Ашық аспан астында театрландырылған қойылым сахналанып, концерттік бағдарлама өтеді. Ұлттық ойындар мен республикалық аламан бәйге ұйымдастырылады. Көпшілік алтыбақан теуіп, арқан тартып, қол күрес сынды дәстүрлі ойындарға қатысады.Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы фестиваль «Таза Қазақстан» экоакциясымен үндесіп, экологиялық мәдениетті насихаттауға басымдық беріледі.

Әнуар Үмбетәлиев, Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

Көпшілік іс-шара болғандықтан, ол жерге адам көп жиналады. Сол «Таза Қазақстан» концепциясын сақтай отыра, іс-шараның барысында іс-шараға дайындалу кезінде барлық тазалық жұмыстарын сақтау.

Қарқарада этнофестиваль биыл бесінші рет өткізіледі. Былтыр 8 мыңнан астам қонақ келіп, 40-қа жуық киіз үй тігілген еді. Биылғы «Қымызмұрындық – 2026» фестивалі 27 маусымда өтеді деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Гүлім Советқан, Аманжол Жонкешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz