RU
Толық нұсқаға өту
akorda_resmi

Татьяна Бурмистрова: Маңдайымыз тасқа тисе де, өнерді сатпадық

21.05.2026, 17:41 45

Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен салтанатты шарада ел мақтанышы, қазақтың дәстүрлі әні мен күйін жанымен сүйген әнші Татьяна Бурмистрова "Отан" орденімен марапатталды . Ақорданың еңселі залынан ерекше тебіреніспен шыққан өнер иесі қуанышын жасыра алмай, біздің тілшімізге  сұхбат беріп, жүрекжарды лебізін білдірді, деп хабарлайды «24KZ»

Мемлекет басшысының қолынан марапат алу кез келген тұлға үшін үлкен мәртебе. Сахна төрінде қазақтың домбырасын серік етіп, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген Татьяна Николаевна бұл сәттің өзі үшін орны бөлек екенін айтады:

Қатты толқыдым, тіпті күткен жоқпын. Мемлекет басшысының тарапынан менің еңбегімнің осылай жоғары бағалануы - мен үшін үлкен мәртебе, өмірімдегі ең бақытты сәттердің бірі, – деді әнші.

 Сонымен қатар, ол шығармашылық адамдарының өмір жолы сырт көзге тек жылтырақ болып көрінгенімен, оның артында үлкен бейнет жатқанын тілге тиек етті.

«Бұрынырақ бір мектеп директоры маған: “Сіздердің жұмыстарыңыз рахат, үнемі қошеметке бөленіп жүресіздер” деп айтқан болатын. Содан кейін мен ол кісіні өзіммен бірге аудандардағы концерттеріме ертіп шықтым. Сахнадан шыққаннан кейін менің бешпентімнің терден шылқып су болып кеткенін көріп: “Апа, сіздердікі шынымен адал тер екен” деп мойындаған еді.

Иә, өнер иесінің жолы оңай емес, маңдайы тасқа тиеді кейде. Қиналған кезіңде қолды сілтеп, кетіп қалғың келетін кездер де болады. Бірақ сол қиыншылықтардың бәрін осындай марапат бір сәтте ұмыттырып жібереді екен. Қай салада болсын, аянбай еңбек етіп, халыққа еңбегі сіңген адам еленбей қалмайды. Әрбір өнер иесіне осындай марапат алу бұйырсын!» – деп ағынан жарылды ол.

Татьяна Бурмистрова үшін марапаттан да биік құндылық – халықтың ықыласы мен артына қалдырған рухани мұрасы. Ол өз сөзінде атақ-даңқ қумай, таза өнерге қызмет етудің шынайы үлгісін көрсете отырып, ақиық ақынның жырымен сөзін түйіндеді:

Көкейкесті жырлар жаз жез киіктей,

Мақтау, даттау, жәдігөй сөзді күтпей.

Өлең керек ұрпаққа, өзің мейлі,

Көлеңкеде қалсаң қал, көзге ілікпей!»

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz