RU
Толық нұсқаға өту

Торғай өңірінің тумасы Нағашыбай Алпысов жыршылық өнерімен көпке танымал

21.05.2026, 23:56 18

Осыдан елу жыл бұрын Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын әуенге салып орындаған алғашқы жыры, алтын қорда сақтаулы тұр.

Қазір жасы сексеннен асса да, ақсақалдың қолынан домбырасы түспейді. Балалары да жыршылық жолды жалғап, бабадан жеткен текті өнерді насихаттап жүр.

Қайырып, қыстай баптап Құлагерді, осы астың дақпыртына Ақан келді. Міңгізіп бәйге бала, жайтаңдатып, ауылына ас бергеннің тақау келді.

Ілия Жансүгіровтың атақты «Құлагер» поэмасы әуенмен өріліп, жырмен баян етілгенде тыңдар құлаққа әсері ерекше. Тұлпардың дүбірлі шабысын, Ақан серінің ішкі зары мен қайғысын шынайы сезінесің. Белгілі термеші, жыршы Нағашыбай Алпысовтың мақамға салып орындаған алғашқы жыры осы шығарма.

Нағашыбай Алпысов, жыршы, термеші:

- «Құлагерді» жаттап алдым, сосын «Есімсері» Нұрхан Ахметбековтың, Мұхамеджан Сералиннің «Жауыр торы» деген поэмасы бар. Сосын кішкентай кезімізде мектепте оқығанда Бейімбет Майлиннің «Бай баласы» деген поэмасы бар. Сол басымда жүреді. Сол айтам деген ойымда жоқ. Содан 30-дың үстіне шыққан кезде елде Жұман деген інім болды. Сол «Құлагерді» шығарыңыз деді.

Нағашыбай Алпысов Құлагерден бөлек, алты дастанға мақам шығарған. Жады мықты ақсақал олардың қай-қайсын да таңды-таңға ұрып жырлауға бар. Балалары да домбыра тартып, жыр айтады. Абзал деген ұлы елге танымал жыршы-термеші. Оның арманы Тобыл-Торғай жыршылық мектебін қайта жаңғырту.

Абзал Алпысов, жыршы, термеші:

- Тұлпар мініп, ту алған деген Алпамыс батыр жырын өзіміздің әр өңірден келген балаларымызды көріп, біздерде жаттайтындар бар екен ғой, жады мықтылар деп жатырмыз. Енді соларды тартып, соларға бағыт-бағдар беріп, жаңағыдай қолдары қойып, аспаптарымен үйретіп, дайындап жіберсе нұр үстіне нұр болар еді.

«Текті өнер қанмен дариды» деген рас ау. Нағашыбай атаның немерелерінің барлығы жыршылыққа бейіл екендігін байқадық.

Мұхамедрақым Нағашыбай, Н. Алпысовтың немересі:

- Алты жасымда ақырын тартып, үйрене бастадым. Қазір жырда үйрене бастадым атамнан қалмайын деп. «Алпамыс батыр» жырын алдында аудандықтан және де облыстан жарыстарға шығып келдім. Атамның жолын қуып жыршы болғым келеді.

Жыршылық атадан балаға мирас болған Алпысовтар отбасының ендігі бір арманы – жалпақ жұртқа өнерін танытып, керемет бір жыр кешін өткізу. 

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz