Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеу арқылы ішкі туризмді дамыту көзделіп отыр. Осы мақсатта республикалық конференция өтті.
Басқосуға еліміздің барлық өңірлерінен Мәслихат төрағалары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен туризм саласының өкілдері қатысып, мәселені жан-жақты талқылады.
Маңызды жиында отандық ғалымдар Ясауидің қолжазбалары мен хикметтері бірнеше елге тарап кеткенін, қазір оларды жинақтап, зерделеу жұмытары жүріп жатқанын жеткізді. Ғұламаның 250-ге жуық хикметі Ташкенттегі ескі кітапханалардан табылған. Кейбірін Түркістан қаласы мен Сауран ауданының тұрғындары Әзірет Сұлтан ұлттық тарихи-мәдени музейіне өткізген. «Осы дүниелер негізінде Ясауидің философиялық ой-толғамдарын тереңірек зерттей түсу керек»,- дейді ғалымдар.
Досай Кенжетай, Философия және теология ғылымдарының докторы, профессор:
- Кім өзін таниды - ақиқатты таниды. Өздеріңіз білесіздер, Шәкәрім атамыздың бес сұрағының барлығы 12 ғасырдағы Ясауи бабамыздың қойған сұрақтарының сабақтастығын көрсететінін айтқым келеді. Исламның ақиқатын әр кеңістікте әр халық өзінің негізгі танымына қарай қабылдайды делінген. Ясауидің ілімі тура осы ақиқатты көрсетеді.
Қазір Түркістандағы халықаралық қазақ-түрік университетінде «Ясауитану» оқу бағдарламасына енгізілген. Оған қоса, бүгінге дейін Ясауи туралы 500-ге жуық магистрлық, докторлық диссертация қорғалған. Мамандар ұлы ойшылдың мұрасын ел бойынша насихаттау шаралары жүйелі түрде жүргізілуі керек,-дейді.
Нұралы Әбішев, Түркістан облыстық Мәслихатының төрағасы:
- Еліміздің барлық өңірінде ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен мәдени іс-шаралар, кітапханаларда ашық дәрістерді жүйелі түрде өткізу ұсынылады. Ясауи мұрасын кеңінен дәріптеуге бағытталған ақпараттық жобалар жастардың тарихи танымын тереңдетіп, ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыруға және Түркістанның еліміздегі негізгі туристік орталықтардың біріне айналуына ықпал етеді деп сенеміз.
Жиында Ясауи мұрасын заманауи туризммен, креативті индустриямен және цифрлық технологиялармен ұштастыру жайы сөз болды. Сондай-ақ әр өңірден келген Мәслихат төрағалары өз облыстарының туристік әлеуетін таныстырды.
Гүлнәр Тойлыбаева, Жетісу облыстық Мәслихатының төрағасы:
- Жетісу жеріндегі Балқаш көлінің жағалауын дамытудағы инфрақұрылымның дайындығы және соған келіп, туризмді тамытуға үлес қосамын, қаржы саламын деген инвесторлар болса, оларды шақырамыз. Бұл жағалаулардың ары қарай дамуына, туристердің көптеп келуіне, экономикалық өсуіне үлкен септігін тигізеді, серпін береді деп ойлаймын.
Конференция қорытындысы бойынша Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеу және туризм саласын дамыту бойынша бірқатар ұсыныстар қабылданды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Түркістан #ясауи #мәдениетPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz