RU
Толық нұсқаға өту

Президент атынан 60 пәтердің кілті табысталды

22.05.2026, 17:41 65

Алматы қаласында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиын барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысының атынан сала өкілдеріне пәтер кілттері мен жоғары мемлекеттік наградаларды табыс етті, деп хабарлайды «24KZ»

Шығармашылық қауымды кәсіби мерекесімен құттықтаған Аида Балаева бұл марапаттар мәдениет қызметкерлерінің қажырлы еңбегіне, кәсіби адалдығына және ұлттық руханиятты дамытуға қосқан үлесіне көрсетілген жоғары құрмет екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының қолдауы тек марапатпен ғана шектелмейді. Сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, оның ішінде тұрғын үй мәселесін шешу бағытында да нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы Президент атынан Астана қаласында мәдениет және өнер қызметкерлеріне пәтер сертификаттары табысталған болатын. Биыл бұл игі бастама жалғасын тауып, Алматы қаласында да сала өкілдеріне пәтер кілттері беріліп отыр.

Мұндай қолдау -  шығармашылық адамдарының еңбегін нақты іспен бағалаудың айқын көрінісі. Сіздерге табысталған жаңа пәтерлер ел игілігі жолындағы адал қызметтеріңізге деген ризашылықтың белгісі. Бұл шаңырақтар сіздерге құт-береке, шығармашылық шабыт әкелсін! Осы орайда барлық мәдениет қызметкерлерінің атынан Мемлекет басшысына жан-жақты қолдауы үшін шынайы алғыс білдіремін», – деді Аида Балаева.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мәдениет және өнер саласының өкілдеріне 60 пәтердің кілті берілді. Әлеуметтік қолдауға ие болғандардың қатарында:

Жетекші театрлар мен музыкалық ұжымдардың әртістері;

Өнер бағытындағы білім беру ұйымдарының оқытушылары;

Кітапхана, архив және музей қызметкерлері;

Баспа және әдебиет саласының өкілдері;

Мәдениет мекемелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп жүрген техникалық және көмекші мамандар бар.

Тұрғын үймен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мәдениет саласындағы үздік жетістіктері және елге сіңірген айрықша еңбегі үшін 13 өкіл мемлекеттік наградалармен және құрметті атақтармен марапатталды.

Жоғары марапаттар отандық мәдениет пен өнердің дамуына елеулі үлес қосқан театр, музыка, хореография, әдебиет және ғылым саласының белгілі қайраткерлеріне табыс етілді.

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz