Алматыда мемлекеттік қаржылай қолдауға үміткер киножобалардың питчингі басталды.
Биыл 300-ден аса өтінім түскен. Конкурстық іріктеудің екі кезеңінен сәтті өткен 95 киножоба ашық қорғауға шығарылды. Таныстырылым барысы кино орталығының ресми YouTube-арнасында тікелей эфирде көрсетіледі.
Отбасы құндылығы мен ұрпақ сабақтастығы, тарих пен мәдени мұра. Авторлар осы тақырыптарға басымдық беріп отыр. Оған қоса балалар киносы, экология, спорт және салауатты өмір салты, бірлік, бейбітшілік пен қоғамдық келісім насихатталады. Қазіргі заманғы еңбек адамының бейнесі қандай болуы тиіс? Киногерлер бұл мәселені де қамтыған. Деректі, анимация, көркем фильмдер ұсынып отыр.
Құрманбек Жұмағали, "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының" Басқарма төрағасы:
- Қазақ киносы бірте-бірте қарқын алып келе жатыр. Үлкен жобалар түсіріліп жатыр. Бұрынғыдай қазақ көрермені қашан кино көреді деген проблема жоқ. Мемлекет тарапынан қашанда қаржы өзінің жауапкершілік жағынан қолдап жатыр 100%. Ендігі кезек кино саласының мамандары, өзінің шығармашылық топтарының жұмысын ұйымдастырып, сапалы дүние түсіру.
Сарапшылардың айтуынша, бұл авторлар үшін идеясын жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік.
Роза Мұқанова, жазушы-драматург:
- Қазіргі жағдайда біздің кинорежиссерлар кино түсіру әдісін, тәсілін жақсы меңгерді деуге болады. Көкейде өздері армандап жүрген, мақсат қойып жүрген, халыққа керек деген туындыларға өздері осы арқылы алғашқы дебюттарымен үлкен шығармаларды түсіруге бет алып жатыр. Мені әсіресе драматург, сценарист ретінде қуантатыны жастардың осындай тәсілге, әдістерді пайдаланғаны.
Жыл сайын 20-дан аса киножоба мемлекет тарапынан қолдау табады. Биыл 24 фильм көрерменге жол тартады. Ол былтырғы жеңімпаздар. Кейбір кинолар екі жыл түсірілуі мүмкін. Киногерлер қазақ кинематографиясы тарихындағы алғаш орманшыларға арналған «38» бен «Қосшығұлов. Шоколад фабрикасы» фильмінен үлкен үміт күтеді. Оған қоса болған оқиға ізімен түсірілетін қауіпсіздік қызметі туралы «Нұрлан мен Тай» толық метражды фильмі көпшіліктің көңілінен шығады, деп сенеді. Мәселен, былтыр жарыққа шыққан драма-фантастика жанрындағы «Қайтадан» киносына 190 млн теңгежұмсалған. Басты кейіпкері мектеп түлегі. Жоба прокатта 1 млрд 200 млн теңге қаражат тапты.
Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов
Тегтер #мемлекет #қаржы #киножоба #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz