RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан-Ресей мәдени байланысы тереңдей түскен

27.05.2026, 09:20 47

Қазақстан мен Ресейдің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы қарқынды дамып келеді.

Таяуда елде Ресейдің мәдениет күндері өтті. Ал былтыр қазан айында Мәскеуде Қазақстанның мәдениет күндері де ұйымдастырылды. Фестивальдер, гастрольдік сапарлар, көрмелерден бөлек Ресейде қазақ киносының күндерін өткізу дәстүрге айналған. Шығармашылық және іскерлік іс-шаралар өзге өңірлерде де ұйымдастырылады.

Музей ісі әлдеқашан қазақ-орыс мәдени ынтымақтастығының маңызды бағытына айналды. Биыл көктемде Қазақстандағы Ресей мәдениеті күндері аясында Ұлттық музейде арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырылып, бірлескен көрмелер өткізу мен ғылыми-реставрациялық жобаларды дамыту жайы талқыланды. Ресейлік көрермен қазақтың ұлттық тақырыптағы туындыларға қызығушылықпен қарайды. Ал қазақстандық өнерсүйер қауымы үшін белгілі орыс суретшілерінің жауһарлары таңсық.

Гүлайым Жұмабекова, Ә.Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінің директоры:

- 2019 жылы үлкен көрмелер өткен болатын Мәскеуде және Санкт-Петербургте біздің қордан. Және 2021 жылы Ресейдің Шығыс музейінен бізге Николай Рерихтің көрмесін әкелген болатын. 2023 жылы ең үлкен жоба – ол Репин атындағы Өнер академиясының туындыларын біздерге алып келіп көрме ұйымдастырған болатынбыз. Бұл біздер үшін, екі ел арасындағы мәдени мұраны насихаттауда үлкен жол ашылады және де тәжірибе алмасуға әкеледі.  

Театр саласындағы ынтымақтастық соңғы жылдары қарқын алған. Екі елдің мәдениет министрліктері театр өнері бойынша шеберлік сабақтары мен кәсіби біліктілікті арттыру бағдарламасын одан әрі жалғастыруға келісті. Мәселен, былтыр қазақстандық М. Ю. Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театры Ресейдің бірнеше қаласындағы халықаралық фестивальдерге қатысқан. Биыл қазақстандық сахналар Ресейдің өнер ұжымдарын күтеді.

Александр Совостьянов, "Астана Опера " мемлекеттік опера және балет театрының директоры:

- Биыл біз Ресейдің бірнеше өнер ұжымын қуана қабылдап үлгерлік. Жыл бойында Қазақстанның мәдени алаңдарында Ресей Федерациясының мәдениет және өнер майталмандары өнер көрсететін болады. Енді біз Ресейдің ұлттық театрын кұтіп алмақпыз, театр ұжымының Алматы және Қарағанды қалаларына баратынын білеміз. Мәдени байланысымыз нығайып келеді. Осы жолда атқарып жатқан ісіміз қос елге де пайдасын тигізіп жатқанына сенімдімін.

Кино саласындағы әріптестік те кеңейіп келеді. Ресейдің Мемлекеттік фильм қоры архивінде қазақ кинематографиясының алтын қорына кіретін 300-ден астам көркем, деректі және анимациялық фильмнің түпнұсқасы сақталған. Ресей тарапы цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын, оларды кезең-кезеңімен Қазақстанға табыстайтынын хабарлады. Бұл бастама қазақ кино мұрасын сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ екі елде ұйымдастырылатын кинофестивальдер туындылардың аудиториясын кеңейтеді. 

Күләш Жұмахан, Ш.Айманов атындағы Қазақфильмнің басқарушы директоры:

- «Жақсылық» фильмі, «Набат» фильмі, ол 2000, 1990 жылдары болған жағдай ғой. Сонымен қатар «Томирис», «Алмас қылыш» фильмі сонымен қатар Алтын қордағы фильмдер Қыз Жібек, сол фильмдер өте көп көрермен сұраныста бар. Бізде былтыр «Дәстүр» шықты кинопрокатқа, «Эвакуация шықты» кинопрокатқа. Биыл да сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз. 

Мәдениет саласындағы бірлескен жобалар екі ел арасындағы гуманитарлық байланысты нығайтып қана қоймай, мәдени-тарихи мұраны сақтап, кеңінен дәріптеуге жол ашып отыр. Театр сахнасынан бастап музей көрмелері мен кино мұрағаттарына дейінгі ортақ бастамалар Қазақстан-Ресей рухани ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсетіні белгілі. 

Бақыт Топтаева

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz