Елімізге әлемдік деңгейдегі "Cirque du Soleil" циркі келді.
Өнер ұжымы Қазақстанға "OVO" шоуымен гастрольдік сапарын бастады. 10 миллионнан астам адамды тәнті еткен бұл қойылым Орталық Азиядағы биылғы ең маңызды мәдени оқиғалардың бірі болмақ. Шоудың Астанадағы көрсетілімі 4-7 маусым аралығына жоспарланған. Ал 11-14 маусымда қойылым Алматы төрінде ұсынылады.
"OVO" қойылымның басты ерекшелігі оның сценографиясы мен декорациясында. Бразилиялық сценограф Гринго Кардия шоудың басты элементі ретінде биіктігі 9 метр болатын алып қабырғаны құрастырған. Жәндіктердің өз ұяларын салу сәтінен шабыт алған бұл алып құрылым әрі сахна, әрі акробатикалық қимылдар жасайтын платформа. Сахна төріндегі 5 метрлік гибискус гүлдері мен қызғалдақтар көрерменді ертегілер әлеміне жетелейді. Осынау қауіпті де күрделі трюктерді артистер таза кәсіби шеберліктің арқасында орындайды.
Артур Дудов, цирк артисі, әуе гимнасты:
- Әр қимылдың өзіндік қиындығы бар. Дегенмен, біз барлық номерлерді тек техникалық тұрғыдан ғана емес, көркемдік жағынан да әсерлі етіп таңдауға тырыстық. Цирк нөмірі тек күрделілігімен емес, көркем бейнесімен де есте қалуы керек. Сондықтан біз тепе-теңдік сақтаймыз. Біздің командада 100-ден астам қызметкер бар. Костюмдеріміз өте ыңғайлы әрі біздің бейнемізді аша түседі.
Қойылымда әуендер тек жанды дауыста орындалады. Композитор Берна Сеппас бразилиялық босса-нова мен самба әуендерін заманауи фанк және электронды музыка элементтерімен шебер үйлестіріп, көрерменге ерекше атмосфера сыйлайды. Сахнада 7 музыкант пен вокалистен құралған топ дәстүрлі мюзикл форматынан өзгеше үлгіде өнер көрсетеді. Сонымен қатар 25 мемлекеттен жиналған 53 артист жоғары деңгейдегі акробатикалық өнерімен танылып, көрерменге теңдессіз әсер қалдыратыны хақ.
Эсмира Кулиева, цирк артисі, әуе гимнасты:
- Менің бейнем көбелек. Бұл образ ең нәзік жаратылыстардың да мықты әрі батыл бола алатынын көрсетеді. Біздің номеріміз де осы ойды жеткізеді. Барлығы қауіпсіздік құралдарынсыз орындалады, сондықтан барлығы әсерлі болады. Бұл шоуға жарты жылдан астам уақыт дайындалдық.
«OVO» шоуы Қазақстанда 14 рет көрсетіледі. Қойылымдар Астана мен Алматы сахналарында өрбиді. Ұйымдастырушылардың айтунша, шоуға 70 мыңнан астам көрермен келеді.
Жани Малле, CIRQUE DU SOLEIL ресми өкілі:
- «OVO» сөзі португал тілінен аударғанда жұмыртқа деген мағынаны білдіреді. Басты кейіпкер арқасына жұмыртқа арқалаған көк шыбын. Ол саяхатшы, жаңа сапарға шыққан жолаушы іспетті. Сол жолда ол жәндіктердің ерекше әлеміне тап болады. Басты кейіпкер тіпті қанқызға ғашық болады. Осылайша қойылымның негізгі желісі өрбиді.
Айта кетейік, Cirque du Soleil соңғы 40 жылдан астам уақыт бойы театр, музыка, акробатика және визуалды өнерді бір арнаға тоғыстырды. 1984 жылы негізі қаланған компанияның шоуларын бүгінге дейін әлемнің 86 елінде, алты құрлықта 400 миллионнан астам көрермен тамашалаған. Бүгінде Cirque du Soleil құрамында 80-нен астам ұлт өкілін біріктірген 4000-нан астам қызметкер еңбек етеді.
Наргиз Бекмағанбетова, Досбол Байдильдин
Тегтер #Қазақстан #Cirque Du Soleil #циркPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz