Алматыда «Кітап оқып, тұлға боламын» республикалық жобасының жеңімпаздары анықталды.
Бастама Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асты. Байқау еліміздегі кітап оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Жоба 2022 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Осы жылы 40 мыңға жуық адам қатысты.
«Кітап оқып, Тұлға боламын» жобасы наурыз айында басталды. Содан бері қатысушылар бекітілген үш кітапты оқып шықты. Шығармалар «Дала данышпаны – Майқы би», «Түнде атылған оқ» және «Атау кере» деп аталады. Әр кітапты оқуға бір ай көлемінде уақыт берілді. Одан кейін қатысушылар кітап мазмұны бойынша тест тапсырды. Үш кезеңнен сүрінбей өткен 10 адам ақтық сайыста бақ сынады.
Роллан Құспан, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі комитет төрағасының орынбасары:
- Жобаның мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін дамыту, насихаттау, дәріптеу. Бір кітап оқыған адам, ол өзін дамытады. Ал кітап оқыған ұлт – елді дамытады. Келер жылы Президент тапсырмасы бойынша он үздік оқырманды анықтайтын арнайы жоба енгізіп, жүзеге асыратын боламыз.
Ауқымды жобаның жалпы жүлде қоры 35 млн теңгені құрады. Бас жүлде – 2 млн теңгені 16 жастағы алматылық мектеп оқушысы жеңіп алды. Ол финалда небәрі 13 минутта 100 сұрақтың барлығына дұрыс жауап берді. Осылайша, Әсия Қанатқызының үш айдан бергі еңбегі ақталды. Жоба қатысушыларының жас ерекшелігіне шектеу қойылған жоқ.
Сырымбек Тау, кәсіпкер:
- Кітап оқу да спорт сияқты. Неге десеңіз, бұл салада да кәсіби деңгейге жеткен адамдар бар, олар үнемі бірінші, екінші, үшінші орындарды иеленіп жатады. Біз 2020 жылдан бастап елімізді оқитын елге, оқитын ұлтқа айналдыруды мақсат еткен жобаны жүзеге асырып келеміз. Өйткені кітап оқыған адам тұлға болып қалыптасады деп есептейміз.
Сондай-ақ жоба аясында кездейсоқ таңдау арқылы 10 адам марапатталды. Олар үш кезеңдегі нәтижелері бойынша 50 ұпайдан жоғары жинағандар арасынан таңдалды. Барлығы 100-ден астам оқырман ақшалай сыйлық алды. Енді жоба ұйымдастырушылары қатысушылар санын 1 миллионға жеткізуді көздеп отыр.
Авторлары: Ернұр Рысбай, Кенже Амараев
Тегтер #Алматы #кітап #жеңімпаздар #жүлдеPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz