Асанәлі Әшімов атындағы театр көрермен назарына жаңа қойылым ұсынды.
Бұл жолы сахнада драматург Қолғанат Мұраттың «Мұғалім» атты драмасы қойылды. Қойылымның режиссері Данияр Базарқұлов.
Спектакль қоғамдағы өзекті мәселенің бірі ұстаз, ата-ана және бала арасындағы қарым-қатынасты арқау еткен. Мектеп өміріндегі қарапайым оқиғалар арқылы режиссер адамгершілік құндылығын, педагог мәртебесін және ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілікті тереңінен қозғайды.
Данияр Базарқұлов, режиссер:
- 2019 жылы жазылды. Содан бері өте үлкен сұранысқа ие. Мен бұл спектакльді Әшімов театрымен қосқанда 7-рет қойып тұрмын. Жеті түрлі интерпретацияда, жеті түрлі костюм, жеті түрлі декорацияда. Сондықтан да бұл халықтың көңілінен қатты бір орын алып жатыр жүректерінен. Және бұл өте актуалды. Әр көрермен өзін көреді осы спектакльден.
Қойылымдағы мұғалім бейнесі тек білім беруші ғана емес, болашақ тұлғаны қалыптастырушы ретінде көрініс тапқан. Сондай-ақ ата-ана мен ұстаз арасындағы өзара түсіністік пен сенімнің бала тәрбиесіндегі маңызы жан-жақты ашылады. Спектакль әр азаматты бала тәрбиесіне қатысты маңызды сұрақтар төңірегінде ойлануға шақырады.
Ақниет Беласарова, актриса:
- Бұл спектакльде тағы айта кететін қазіргі замандағы үлкен проблемаларды қозғап жатыр, ата-ана мен бала арасындағы проблемаларды. Сондықтан мен мұғалімдер де, ата-аналар да, балалар да көргенін қалаймын. Премьераға келген көрермендер жақсы эмоциямен шығады деп ойлаймын. Балаларымен арақатынасмыз қалай деген сұрақпен кетеді ма деген менде ой болады.
Асанәлі Әшімов театрының бұл биылғы жылғы үшінші жаңа қойылымы. Қазір тағы бір қойылымға дайындық жүріп жатыр. Болат Жандарбековтың «Сақтар» романының негізінде сахналанған «Томирис» қойылымы көрерменге жол тартады. Спектакль ел тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналады.
Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев
Тегтер #Асанәлі Әшімов #театр #көрермен #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz