RU
Толық нұсқаға өту
Фото: dimashnews.com

Димаш Құдайберген өзінің LEGO-портретін жасаған оқушыларға жолдама сыйлады

15.06.2026, 10:44 72

Әнші Димаш Құдайберген Ақтөбеде өзіне арналған үлкен LEGO-портретті жасаған оқушылармен кездесті, деп хабарлайды «24KZ» dimashnews сайтына сілтеме жасай отырып.

Туған қаласына шығармашылық сапармен келген ол алдымен өзі білім алған №32 гимназияға және Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжіне барды. Онда оқу жылдарын еске алып, ұстаздарымен және студенттермен жүздесті.

Кейін Димаш «Шұғыла» балалар лагеріне барып, өзіне арналған көлемді LEGO-портретті құрастырған мектеп оқушыларымен кездесті. Ол жобаға қатысқан бес оқушыға алғыс ретінде аталған лагерьге жолдама тарту етті.

Үйірме жетекшісі Жаналы Мақаттың айтуынша, оқушылар жеке емес, ұжымдық жұмыс жасауды шешіп, танымал жерлес өнерпаздың бейнесін LEGO бөлшектерінен құрастыруға кіріскен.

Жоба мектептегі робототехника үйірмесінде жүзеге асырылған. Төртінші сынып оқушылары бірнеше күн бойы Димаш Құдайбергеннің бейнесін LEGO бөлшектерінен құрастырып, жұмыс алдында оның өмірі мен шығармашылығын зерттеген және композицияның жобасын әзірлеген.

Біздің Димаш Құдайбергенді таңдауымыздың бірден-бір себебі оның біздің жерлесіміз болғаны. Ол тек өнердегі талантымен ғана емес, өзінің еңбекқорлығымен, қарапайымдылығымен және туған жеріне деген ерекше махаббатымен де басқаларға үлгі бола алады. Біз туған өлкеден қанатын кеңге серпіп ұшқан адамның ел мақтанышына айнала алатынын көрсетуді мақсат еттік, – дейді жоба авторлары.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, көлемді LEGO-портреттің ені шамамен 1,5 метрді, ал ұзындығы 2,5 метрді құрайды. Жобаны жүзеге асыруға бір аптаға жуық уақыт кеткен.

Мамандардың айтуынша, мұндай бастамалар балалардың шығармашылық қабілетін, зейінін және командамен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Жоба авторлары өз жұмыстары арқылы заманауи оқушылардың техникалық және шығармашылық әлеуетін көрсетуді, сондай-ақ туған жерден шыққан дарынды тұлғалардың жетістігін насихаттауды мақсат еткен.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz