RU
Толық нұсқаға өту
gov.kz

Маңғыстаудағы Қарақабақ қалашығы Птолемей картасындағы Аспабота қаласы болуы мүмкін

15.06.2026, 12:54 105

Маңғыстаудағы Қарақабақ қалашығында жүргізілген қазба жұмыстары Қазақстан тарихын жаңаша жазуға мәжбүр етуде. Отандық ғалымдар бұл көне шаһар ежелгі грек географы Клавдий Птолемейдің әйгілі картасында көрсетілген Каспийдің шығыс жағалауындағы жұмбақ Аспабота қаласы болуы мүмкін деген сенсациялық болжамды зерттеп жатыр, деп хабарлайды «24KZ». ҚР Ғылым және білім министрлігінің мәліметі бойынша, Каспий теңізінің жағалауындағы Түпқараған ауданында орналасқан бұл бірегей нысан екі мың жыл бұрын Рим, Қытай, Үндістан және Византия империяларын байланыстырған жаһандық транзиттік орталық болғаны анықталды.

 

Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының қолдауымен жүріп жатқан зерттеулердің соңғы нәтижелерімен ғалымдар мен археологтар далалық іссапар барысында танысты. Басқосуда бұл бірегей нысанды тарихи маңызына байланысты Маңғыстау облысының басты туристік бағыттарына жедел түрде енгізу мәселесі талқыланды.

 

Біздің заманымыздың I-VI ғасырларына жататын Қарақабақ қалашығынан табылған ең құнды жәдігерлердің бірі — сол дәуірдегі әлемнің ең ірі державаларына тиесілі 150-ден астам ежелгі тиыннан тұратын коллекция.

 

Бұл коллекцияда Парфия, Ежелгі Хорезм, Бұхара Соғдысы, Сасанидтік Иран, Кушан-Сасанид мемлекеті, Византия империясы және Қытайдың теңгелері бар. Мұндай олжа Қарақабақтың өз дәуіріндегі халықаралық сауда-экономикалық байланыстарға белсенді қатысқанын және аймақтың Шығыс пен Батысты жалғаған маңызды буын болғанын 100% дәлелдейді, - дейді белгілі археолог Андрей Астафьев.

 

Ғалымдардың айтуынша, бұл жаңалықтар Ұлы Жібек жолының Маңғыстаулық тармағынан бөлек, бұрын ғылымға белгісіз болып келген Азов-Каспий сауда дәлізінің өмір сүргенін айғақтайды. Қарақабақ бұл дәлізде басты өндірістік, қолөнер және зергерлік торап қызметін атқарған. Сондай-ақ, жуырда ғана қалашықтан біздің заманымыздың VI ғасырына жататын тағы бір құнды жәдігер - көне құмыра табылды.

 

Қарақабақ ескерткіші алғаш рет 2006 жылы анықталған болатын. Алайда 2022 жылдан бастап жүйелі зерттеулердің арқасында ол туралы 24 ғылыми еңбек жарық көріп, халықаралық Scopus дерекқорында 9 мақала жарияланды. Маңғыстау топырағындағы бұл жаңалықтар еліміздің халықаралық ғылыми қауымдастықтағы беделін нығайтып, Ұлы даланың ежелгі құрлықтық коммуникациялар жүйесіндегі басты рөлін айқындап берді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz