Қазақстандық Nomad Stunts каскадерлер тобы бүгінде Голливуд, Болливуд және өзге де ірі киностудиялардың халықаралық жобаларына тұрақты түрде қатысып келеді. Топ жетекшісі Жайдарбек Күнғожинов «24KZ» тілшісіне қазақ каскадерлерінің әлемдік киноиндустрияда жоғары сұранысқа ие болуының себебі туралы айтып берді.
- Жайдарбек мырза, қазақстандық каскадерлердің әлемдік деңгейде мойындалуы зор мақтаныш сезімін тудырады. Сұхбатымызды әріден бастасақ. Голливуд жобаларына алғаш қалай шақырту алдыңыз?
Голливудқа жолым Монғол жобасынан кейін ашылды. Ол фильмде режиссер Сергей Бодровпен жұмыс істедім. Осыдан кейін «Оскар» сыйлығының иегері режиссер мені титрдан көріп, арнайы іздестірген екен. Мәскеу арқылы байланысқа шығып, кейін Америкадан бір өкіл арнайы іздеп келіп кездесті. Осылайша ұлым екеуміз актер-каскадер ретінде «Путь домой» фильміне шақырылдық. Түсірілім Болгария мен Мароккода өтті. Бұл менің алғашқы Голливудтық жобам болды. Әлемдік деңгейге шығуға есік ашылды.

- Халықаралық деңгейдегі үлкен жобаларда жұмыс істеудің ерекшелігі қандай?
– Голливуд жобаларына дайындық жарты жыл бұрын басталады. Келісімшарттың өзі ондаған беттен тұрады. Олар үшін ең бастысы – адамның жағдайы. Ұшақ билетінен бастап, тұратын жеріне дейін бәрі тиянақты ұйымдастырылады. Мысалы, демалыс күні ешкім-ешкімді мазаламайды.Тіпті, кафеде кездесіп бірге тамақтансаң да жұмыс туралы айтылмайды. Бірақ түсірілімге келгенде тәртіп өте қатаң. Бір минут кешігуге болмайды. Есесіне төлемі де, жұмыс жағдайы да жоғары деңгейде.
– Голливуд пен Болливудтағы каскадерлерге көзқарас қандай?
Кәсіби деңгей ұқсас. Голливуд пен Боллливудтың каскадерлері өзіміз сияқты. Болливуд танымал болмасаң кіргізбейді. Олар шетелден бір каскадер алдырса, қасындағы 3 каскадер өз азаматтары болуы керек. Яғни, өз адамдары жұмыс істесін дейді. Бірақ қауіпсіздік пен сақтандыру жүйесі әлдеқайда дамыған. Сондай-ақ, Болливудта шетелдік маманға қойылатын талаптар өте қатал. Шетелдік студиялар дайындыққа бөлек уақыт береді. Бізде қазақстанда бұрындағы бермейтін еді. Әрине оны бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Бірақ, қазір біздің де дайындыққа уақыт беретін болған. Біздің каскадерлер әмбебап келеді. Арнайы жағдай жасалмаған. Сондықтан, біз қандай жағдай болса да жұмыс істеуге үйренгендіктен, бізді жиі шақырады.
- Шетелдік режиссерлер Nomad Stunts командасын не үшін бағалайды?
Шетелдік режиссерлер біздің командамызды жоғары бағалайды деп сенімді түрде айта аламын. Оның басты себебі – біз жан-жақты дайындалған мамандармыз. Ұзақ дайындықты немесе қосымша жағдайларды көп талап етпейміз, тапсырманы кәсіби деңгейде орындаймыз. Бүгінде көптеген шетелдік жобалар бізді арнайы атпен орындалатын трюктер үшін шақырады. Үндістаннан, АҚШ-тан, Өзбекстаннан, енді міне Оңтүстік Кореядан да арнайы келіп жатыр. Олар Қазақстанға біздің тәжірибеміз бен шеберлігімізге сеніп келеді. Біздің артықшылығымыз – тек атпен трюк жасаумен шектелмейміз. Ат үстіндегі күрделі көріністерден бөлек, жекпе-жек сахналарын, өртпен байланысты қауіпті эпизодтарды, автокөлік апаттарын және басқа да күрделі трюктерді орындай аламыз. Яғни, біз әмбебап каскадерлерміз. Сондықтан әлемдік деңгейдегі жобаларға да шақырту алып келеміз. Кейде сыртқы келбетіміз кейіпкерге толық сәйкес келмесе де, кәсіби шеберлігіміздің арқасында таңдау бізге түседі. Англия, Франция және басқа да еуропалық елдердің продюсерлері мен режиссерлері біздің командамызбен жұмыс істеуге қызығушылық танытады.

- Атпен жасалатын күрделі трюктерді дайындау қанша уақыт алады?
Атпен трюк жасау – каскадерлік өнердегі ең күрделі бағыттардың бірі. Өйткені аттың келесі сәтте не істейтінін алдын ала толық болжай алмайсың, ол машина емес. Сондықтан атпен жұмыс кезінде жарақат алу қаупі жоғары болады. Біздің өз базамыз бар, аттарды сол жерде дайындаймыз. Қазір бірнеше жылдан бері құлындарды өзім бағып, үйретіп келемін. Атты кішкентай кезінен баптап, түрлі жағдайларға бейімдейміз. Дайындық уақыты аттың ерекшелігі мен қойылатын талапқа байланысты өзгереді. Халықаралық жобалар үшін аттарды әдетте екі-үш ай дайындаймыз. Мысалы, кейбір аттар оттан қорықпауы керек, кейбірі жарылыс, шу немесе жаппай қозғалыс кезінде сабыр сақтай білуі қажет. Түсірілім басталардан шамамен бір ай бұрын аттарды қайта жаттықтырып, бұрынғы дағдыларын еске түсіреміз. Атпен үнемі жұмыс істеп тұру керек. Ол техника емес, сондықтан оған тұрақты көңіл бөліп, байланыс орнату маңызды.

- Ең қауіпті трюгіңіз қай фильмде болды?
«Көшпенділер» фильмінде. Аттың үстінде тік тұрып келе жатып, ат артқа құлауы керек болған. Мен астында қалып қоюым керек еді. Бұл трюкті бірнеше рет қайталап, жаттықтым.Репетицияны түсіріп алды. Бірақ Америкалық режиссерге көрсетті. Ол қауіп жоғары болғандықтан соңғы сәтте түсірілімге қоспады. Өте қиын, қауіпті трюк.
- Трюк кезінде қорқынышты қалай жеңесіз?
Қорқыныш болуы керек, бірақ оны сыртқа шығармау қажет. Аздап сақтық сезімі болғаны дұрыс. Егер күмәндансаң немесе үрейге берілсең, қателікке жол бересің. Сондықтан бар назарды трюкті сапалы орындауға аударамыз.
- Nomad Stunts командасын құрудағы мақсат қандай болды?
2000 жылы Қазақстанда кәсіби каскадерлік топ жоқтың қасы еді. Сол кезде цирк әртістерін жинап, өз командамды құрдым. Қазір халықаралық жобаларға тұрақты қатысып келеміз. Қазақстандық каскадерлер әлемдік нарықта сұранысқа ие.
- Қазақ киносының қазіргі деңгейін қалай бағалайсыз?
Қазақстан киносы дамып келеді. Қазір коммерциялық та, мемлекеттік те жобалар көп түсіріледі. Режиссерлер мен операторлардың жаңа буыны қалыптасты. Тек сценарий саласында мықты мамандар көбейсе деймін.

- Қазір креативті индустрияға ден қойған заман. Каскадерлікті қалай креативтеуге болады?
Қазір шетелдік продюсерлер мен киностудиялар Қазақстанға тек табиғаты немесе қаржысы үшін келіп жатқан жоқ. Көптеген елдерде түсірілімге жұмсалған шығынның белгілі бір бөлігі қайтарылатын rebate жүйесі бар. Мысалы, кей мемлекеттер жоба бюджетінің 30 пайызын қайтарып береді. Бізде ондай мүмкіндік жоқ.
Соған қарамастан шетелдіктер Қазақстанға арнайы трюктер түсіру үшін келіп жатыр. Бұл – біздің каскадерлердің кәсібилігі мен тәжірибесінің нәтижесі. Меніңше, осының өзі каскадерлік өнердің креативті дамуының бір көрінісі.
- Жасанды интеллект каскадерлердің жұмысын алмастыра ала ма?
Белгілі бір деңгейде әсер етеді. Қытайда қазір көптеген көріністерді жасанды интеллект арқылы жасайды. Бірақ шынайы трюк пен компьютерлік графиканың айырмашылығы әрдайым байқалады. Сондықтан каскадер мамандығы толық жойылады деп ойламаймын.
Әрине, жасанды интеллекттің дамуына байланысты жұмыс көлемі азаюы мүмкін деген пікірлер бар. Бірақ шынайы орындалған трюктің әсері әрқашан бөлек болады. Қазірдің өзінде киноиндустрияда жасанды интеллектпен жасалған кейбір дүниелерге қатысты шектеулер қойылып жатыр. Мысалы, толықтай ЖИ көмегімен жасалған кейбір образдар беделді кино жүлделеріне үміткер бола алмайды. Бұл шығармашылық мамандықтарды қорғаудың бір жолы деп ойлаймын.
Дегенмен өзгерістердің болатыны анық. Мысалы, біз бірге жұмыс істеген Джеки Чанның дублері, қытайлық каскадер, Қытайда көптеген жобаның жасанды интеллект көмегімен түсіріліп жатқанын, соның салдарынан каскадерлерге жұмыс азайғанын айтты. Болашақта біздің сала да өзгерістерге бейімделеді. Бірақ шынайы трюкке деген сұраныс толық жоғалып кетеді деп ойламаймын. Сондықтан каскадерлер жұмыссыз қалады деген пікірмен келіспеймін.
- Алда қандай жобаларыңыз бар?
Жақында Ташкентте бір жобаны аяқтадық. Netflix-пен жұмыс істедік. Алда бірнеше халықаралық жоба күтіп тұр. Шілде айының соңында Мароккоға америкалық фильмнің түсіріліміне барамыз. Сондай-ақ Оңтүстік Кореяның киностудиясы Қазақстанда «Кондо» фильмін түсіреді. Олар арнайы біздің каскадерлермен жұмыс істеу үшін келіп отыр. Шілде айынан бастап қазақстандық каскадерлер әлемге әйгілі актер Джеки Чанмен бір павильонда жұмыс істеп, өнер көрсетеді.
.jpeg)
- Балаларыңыздың осы кәсіпті таңдағанын қалайсыз ба?
Төрт балам бар. Үлкен ұлым менің жолымды қуып, каскадер болып жүр. Ол бес жасынан бастап киноға түседі. «Көшпенділер», «Путь домой», «Mulan» сияқты фильмдерде бірге жұмыс істедік. Дегенмен бұл кәсіптің қауіпті екенін жақсы білемін. Өзім де, ұлым да, жұбайым да жарақат алғанбыз. Сондықтан балаларымның бұл жолды таңдамағанын қалар едім. Бірақ соңғы шешімді өздері қабылдайды.
- Сұхбатыңызға рахмет, шығармашылық табыс пен биік белестер тілейміз!
Еске салайық, бұған дейін әйгілі Джекки Чанның Маңғыстаудың Бозжыра шатқалында кино түсіріп жатқанын айтқанбыз. Түсірілім тобында қазақстандықтар да бар. Танымал блокбастердің жалғасы әлемдік прокатқа 2027 жылдың ақпан айында шығады.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz