RU
Толық нұсқаға өту

«Хабар» Агенттігінің тапсырысымен «Сарбаз 2.0» телехикаясының  түсірілімі басталды

18.06.2026, 21:36 55

Оның жарыққа шығуына Қорғаныс министрлігі қолдау білдіріп отыр.

Жобаның басым бөлігі Алматы облысында орналасқан 78460 әскери бөлімінде түсіріледі. Картина «Сарбаз 2.0» бағдарламасын насихаттайды. Жастарды әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеуге шақырады.

Оқиға желісі Әлихан есімді жас жігіттің төңірегінде өрбиді. Ол әскерге дейін өмірге өте жеңіл қарап келген. Қарызға батады. ҰБТ-ны тапсыра алмайды. Сөйтіп, тығырыққа тіреледі. Кейін туысынан «Сарбаз» жобасы туралы естіп, әскерге келеді. Темірдей тәртіп, жауапкершілік, кибердайындық, жаңа орта оның көзқарасын өзгертеді.

Еркін Ташев, атқарушы  продюсер:

- Сарбаз жобасына әскерге келіп түседі десек те болады және осы жерде өмірге деген көзқарасы, әскерге деген көзқарасы өзгеріп, анасына деген, қарындасына деген көзқарасы өзгеріп, керемет азамат болып шығатын болады. Жобаның аясында өзінің махаббатын әскерде табады.

«Хабар» Агенттігі бұған дейін де әскери тақырыпта бірнеше фильм түсірген. Оның қатарында «Дала қырандары», «Алтыншы бекет», «Кебенек», «Противостояние» картиналары бар. Барлығы да  көрерменнің ықыласына бөленіп, жоғары рейтингке ие болды.

Ерлан Атамбай, "Хабар" телеарнасының директоры:  

- «Хабар» Агенттігі биыл 5 сериалға тапсырыс берді. Соның біреуі осы әскери тақырыпқа арналып отыр. Әскери тақырып «Хабар» Агенттігінің тақырыптар желісінен түскен емес. 30 жылдық тарихында телесериалдар түсіру тарихында Хабардың түсіріп жатқан 5-сериалы. Біз сериалға тапсырыс бергеннен кейін Қорғаныс министрлігі толық қолдап жатыр жобаны.

Телехикая Қорғаныс министрлігі іске қосқан «Сарбаз 2.0» бағдарламасын кеңінен таныстырады. Осы арқылы жастарды әскери қызметке ынталандыруды көздейді. Бұл жоба жастарға  жоғары оқу орындарына грантқа түсуге мүмкіндік береді. Ол үшін мерзімді әскери борышын абыроймен өтеп, жауынгерлік дайындықтан үздік нәтиже көрсетуі тиіс. Одан өзге де артықшылығы бар.

Сейфулла Исахов, 78460 әскери бөлімінің штаб бастығы:

- Пилоттық жобаның барысында біздің жауынгерлік даярлықтың жоспарына өзгертулер енгізілді. Соның барысында бізде қазір әскери бөлімде технологиялар жайлы сабақтар сынып кластары ашылды. Біздің ағылшын тілінің сыныбы ашылды. Сарбаздарға джиу-джитсу күресініен аптасына 3 рет дайындықтарын жүргізеді. Бұл телехикаяның барысында біздің мерзімді әскери қызметкердің күнделікті өмірінен үзінділер болады.

Сериалда бағдарламаның мәні көркем оқиға арқылы ашылып, жаңа заман сарбаздарының өмірі, достық, отаншылдық және заманауи технологиялар мен IT бағытындағы әскери дайындық көрсетіледі. Сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару, киберқауіпсіздік қамтылады. Яғни әскери орта арқылы жастардың тұлға ретінде қалыптасуы суреттеледі. «Сарбаз 2.0» телехикаясы 8 бөлімнен тұрады. Осы күзде «Хабар» арнасының эфирінен көрсетіледі. 

Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz